Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова «Мемлекеттің және азаматтық қоғам институттарының құқық қорғау қызметі» атты дөңгелек үстел отырысына қатысты.
Халықаралық адам құқықтары күніне және БҰҰ Бас Ассамблеясының Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының қабылданғанына 70 жыл толуына арналған іс-шараға Жоғарғы Сот төрағасы Ж.Асанов, Адам құқығы жөніндегі комиссия төрағасы Қ.Сұлтанов, Сыртқы істер министрі Қ.Әбдірахманов, БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Н.Шимомура, Еуропа Одағының Қазақстандағы өкілдігінің басшысы С.О.Карлссон, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар Кеңсесінің басшысы Д.Сабо, Ұлыбританияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі М.Гиффорд, мемлекеттік органдар, азаматтық қоғам өкілдері және басқалар қатысты.
Мемлекеттік хатшы өз құттықтауында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Құқық үстемдігі – біздің реформаларымыздың табысты болуының негізгі факторы» деген сөзіне тоқталды.
– Қазақстанда адам құқығын қорғаудың ұлттық жүйесі елдің құқықтық дамуының негізгі көрсеткіші болып саналатын берік экономикалық іргетасына негізделген және азаматтардың өмір сапасын арттыруға бағытталған, – деді Г.Әбдіқалықова.
Алқалы жиын барысында Конституция және қолданыстағы заңдар арқылы кепілдік берілген адам құқығы мен бостандығын жүзеге асыру, адам құқығын қорғаудың ұлттық тетіктерін жетілдіру мәселелері бойынша пікір алмасты.
Халықаралық құқық нормаларын имплементациялау проблемалары, Қазақстан Республикасында адам құқығын сотта және соттан тыс қорғау ісін жетілдіру мәселелері талқыланды.
Халықаралық және ұлттық сарапшылар Қазақстанның құқық қорғау тетіктері мен адам құқығын қорғаудың ұлттық жүйесіне оң баға берді.
Соңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова адам құқығын қорғау саласында тиімді ынтымақтастық жүргізіп келе жатқаны үшін халықаралық институттарға және құқық қорғаушы үкіметтік емес ұйымдарға алғыс білдірді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<