Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты ұлт тарихын танып-білудің жаңа кезеңін бастаған мақаласын оқып жанарыма жас іркілді. Ата-бабаларымыздың қолы қорамсада, аяғы үзеңгіде жүріп қанымен қорғаған Ұлы даланың тарихын түгендейтін мезгілдің жеткеніне қуандым. Екі «халық жауының» немересімін. Мамандығым – заңгер. Кеңес дәуірін дәріптеген кезеңде білім алып, қызмет атқарсам да бала кезімнен аталарымның, әкемнің санама сіңіріп кеткен шынайы қазақ тарихын, әдебиетін, мәдениетін, ғұрып-салтын, бастарынан өткізген қуғын-сүргіннің азабын ешқашан жадымнан шығарған емеспін.
Елбасының Ұлт тарихын ұлықтауы – әлем ғалымдарының назарын аударатын бастама деп білемін. Ұлт тағдыры толғантқан Елбасына, пікір білдірген тарихшылар, қаламгерлер мен зиялы қауымға, тарихи сананың қайта жаңғыруына ықылас білдірген барша азаматтарға алғысым шексіз. Сібірден елге келіп он жыл өмір сүрген уақытында МҚК-нің көз қырында болған «халық жауы» атам Балапан Ақжанов, өлерінен бір жыл бұрын жасырын түрде екі жерге барып тәу етіп, тағзым жасағаны он төрт жастағы менің санамда мәңгі қалды.
Олар: үш жүздің басы қосылып 1710 жылы қазақтың алғашқы құрылтайы өткен – қос төбе «Құлжұмыр-Қасқатөбе» де, екіншісі өзінің аяулы жары, репрессия құрбаны Зейфун ханымның мүрдесі жатқан жер еді. Оны бір-жар адам ғана білсе де МҚК-нің агентіне жауап беруге тура келген. Сол, қос төбе – «Құлжұмыр-Қасқатөбе» Қарағанды, Қостанай, Ақтөбе, Қызылорда облыстарының қиылысар тұсында орналасқан. Қазір ол аймақтан «Жезқазған-Бейнеу» темір жолы өтіп жатыр.
(Құлжұмыр-Қасқатөбе)
Құба жон, қоңыр белдің қос төбесі,
Ұлы дала жүрегі – мәртебесі.
Үш жүзден ту тігіліп, кеңес өткен,
Хан, қараша, билердің ол – елесі.
«Құлжұмыр-Қасқатөбе» ұрпақтардың,
Тарихтан тағлым алар бір белесі.
Білек тіліп, қан қосқан асылдардың,
Жанын қиып қалдырған несібесі,
Қайғы жұтқан халқынан бата тілеп,
Құрбандыққа шалынған боз биесі.
Жоңғардың езгісінен кек алынып,
Мезгіл жеткен күйрейтін керегесі.
Бөкенбай қол бастаған – батырлардың,
Кеудесінен атылған кек жебесі,
Қолдарында айбалта, қылыш, найза,
«Аруақ»,-деп буылды бел кісесі1.
Үш ғасыр қасқаланған «Қасқатөбе»,
Қазақтардың көз жасы hәм киесі.
Екі айрылған:- бір жағы шөп-бұталар,
Тік биік, аппақ шағыл бір шүйдесі.
Арқа тұсы астасқан жорықтарда,
Ұлытаудың Бұланты-Білеутісі,
Әскер жинап үш жүзге тіреу болған,
Кіндік-кие қазақтың қос төбесі.
Атыңнан айналайын , «Жұмырқасқа»,
Ұлы дала жүрегі – мәртебесі!
1. кісе – керек-жарақ салу үшін белге байланатын белбеу.
Даража БАЛАПАН,
заңгер, Халықаралық ақпараттандыру академиясының мүше-корреспонденті.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<