Мәдени іс-шаралар – маңызды бағыт

2846

0

Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мәдениет, театр, өнер, кітапхана, тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану, мемлекеттік және басқа тілдерді дамыту бойынша жұмыс жүргізуде. 

Биылғы он айда 966 мәдени-көпшілік іс-шара өткізіліп, оған 159 841 көрермен тартылған. Мемлекеттік тіл саясаты бағытында да біршама жұмыстар атқарылуда. Негізгі мақсат – мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру және дамыту. Бөлім мемлекеттік мекемелердің құжат айналымын мемлекеттік тілде жүргізуге мониторингті қолға алған. Нәтижесінде құжат айналымының мемлекеттік тілде жүргізілуі 100 пайызға жеткен.  Бұл – тілдік құрылымның тұтастығы мен мәртебесінің көрінісі.  

Бөлімнің үйлестіруімен ономастика жұмыстары да қарқынды дамып келеді. Бүгінде қала аумағында комиссия шешімімен нақтыланған 1199 көше бар. Оның 772-сі қалада, 427-сі ауылдық округтерде, 440-ы адам атымен аталса, 223-і тарихи жер-су атауларын иеленген, 109 көшеге шартты атау берілген. Ал ауылдық округтерде 208 көше кісі есімімен, 67-сі тарихи жер-су атауымен аталады, 152 көшеге шартты атау берілген.

– Көшелердегі көрнекі ақпарат бойынша да жұмыстар жасалуда. Зерделеу жұмыстарының қорытындысымен мейрамханалар мен дәмханалардың ас мәзірін мемлекеттік тілде жазу ісі 91 пайызға жеткен. Бұл – біздің бөлімнің бір ғана жұмысы. Алда жүйелі жұмыстар қарқынды іске асырыла бермек, – дейді бөлім басшысы Жағыпар Тәжмаханов.

Мәдениет бөлімі – ұлт руханиятының шырақшысы, өнердің тұма бұлағы іспетті. Қаншама талантты шәкірттің түлеп ұшқан тұғыры клуб үйлеріндегі үйірмелер екені мәлім.

Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде 18 үйірме жұмыс жасайды. Балалар мен жасөспірімдердің қызығушылығын арттырып, талантын шыңдау мақсатында түрлі байқаулар ұйымдастырылуда. Нәтижесінде жас жеткіншектер жүлделі орындардан көрініп келеді. Бұл – білімді де, тәжірибелі ұстаздар жұмысының жемісі.

Үйірме мүшелері байқаулардан жеңімпаз атануда. Клуб үйлері жанынан құрылған үйірмелердің міндеті де сол  – жастарды шараларға кеңінен қатыстыра отырып, өнер жолына баулу.

Республикалық «ТАNM ART» өнер байқауында Әбілхан Әнуархан «Көркемсөз» номинациясы бойынша 1-орын иеленіп, Сыр мәдениетінің мерейін үстем етті. Вокал үйірмесі бойынша XIV Халықаралық көпжанрлы «Самға әуен» шығармашылық  байқауында  Малика Адеханова жеңімпаз атанды. «Арайлы»  би тобы  және «Aqmaral» би студиясы «Тау сұлулары» биімен  гран при  иегері атанды. «Қауырсын» жас ақындар үйірмесінің мүшесі, ақын Бексұлтан Санақұл Социалистік  Еңбек  Ері Балдырған Мұстапаеваның 85 жылдығына орай өткен «Еңбекпен даңқы өрлеген» атты облыстық жазба ақындар мүшәйрасында бас жүлде иеленді. «Айтыс олимпиадасы» атты облыстық  оқушылар айтысына Салтанат Жаппасбай қатысып, жыр жәрмеңкесінің жеңімпазы атанды.

«Сырлы саз» фольклорлық ансамблі жанры бойынша да жерлестеріміз жүлделі орыннан көрініп жүр. Атап айтар болсақ, Ұлытау облысында өткен «Ұлытау үні» атты І республикалық мульти аспапшылар байқауында Руслан Бурабай арнайы жүлде иеленді. «Сыр сандуғаштары» вокал үйірмесінің шәкірттері Ташкент қаласында өткен «Шығыстың раушан гүлдері» атты халықаралық конкурста Муслима Дарханқызы үздіктер қатарынан көрініп, жүлделі 3-орын алса, Айару Дидарқызы 1-орын, Қарақат Бектемір дипломант атанды.

«Мереке-думан» халықтық әзіл-сықақ отауы Арал ауданында өткен Қ.Сұлтанбаевтың 75 жылдығына арналған «Күлкі-думан» атты әзіл-сықақ отаулары арасындағы республикалық байқауда 3-орын иеленді. Ал «Ұлағат» ата-әжелер ансамблінің мүшесі Ізімкүл Төлебай Шиелі ауданының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Ұлпан Мәмірәлиеваның 100 жылдығына арналған «Бибі-Ана» атты облыстық байқауда 3-орын иеленіп, үздіктер қатарынан көрінді.

Бұл – өнер мен мәдениетке жасалып жатқан игі қамқорлықтың арқасында жүзеге асырылған шаралар.

Бөлім басшысының айтуынша, биылғы 10 айда 11 қойылым сахналанып, оған 4440 көрермен қатыстырылған. Өткен жылы қалалық мәдениет бөлімі құрылымына жылжымалы сахна мен дыбыс күшейткіш құрылғылары сатып алынды.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<