Бүгін аудандық мәдениет үйінде тоқсан тамырлы тарихи мен дамылсыз даму шежіресі бар, текті ата-бабалардың құты дарыған, киелі өлке Арал өңірінде аудандық тарихи-өлкетану музейін алғаш ұсыныс жасап ашылуына себеп болған, КСРО мәдениет министрлігінің «Үздік мәдениет қызметкері», Қ. Жасекеновтың 100 жылдығына орай «Мәдениет – жасампаз сана» атты жылжымалы мәдени-демалыс кешендерінің облыстық байқауы өтті.
Шараға келушілер алдымен Құдайберген Жасекенұлының ғибратты ғұмыры мен шығармашылығынан сыр шертетін көрмені тамашалады. Байқаудың ашылуында алғы сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Б. Жұмағұлов мәдениет майталманының өнегелі өміріне тоқталды.
– Диірмен тасындай дөңгеленген дүние кіл мықтыларды сайдың тасындай іріктеп шығарды десек солардың бір шоғыры осы Арал топырағында түлеген. Түрлі саланың шылбырын қағып, жілігін шаққан мамандардың алды келместің көшіне ілессе, арты ортамызда жүр. Өздеріңіз білетіндей бүгінгі біз бас қосып отырған кештің негізгі кейіпкері Құдайберген Жасекенов ағамыз да сол бір сүрлеудің қазанынан шыққан қайраткері, КСРО мәдениет министрлігінің «Үздік мәдениет қызметкері» атанған абыз еді. Киелі өлке тарихының терең тұңғиығына бойлап, арғы ата-бабаларымыз жүріп өткен күреске толы қиын жылдарды танып-біліп, ертеңгі болашақ ұрпақтарымыз адаспай, жаңылмай жөн тауып өмір кешуіне бағыт-бағдар сілтеуде өткеннің мұрасы мол мұражайы керек. Осындай тарихи-өлкетану музейін ауданда алғаш ұсыныс жасап ашылуына себеп болған – Арал ауданы мәдениетінің майталманы – Жасекенов Құдайберген Құсбекұлының еңбегі зор. Көз көргендер Құдайберген Жасекеновты адалдық пен тазалықтың, кісілік пен кішіпейілдіктің нақ үлгісіндей еді деп еске алады. Бұл өз ісіне мығым, нағыз мәдениет жанашырына деген лайықты баға болса керек, – деді.
Мұнан соң, өнердің туын тік ұстап жүрген аймағымыздың жылжымалы мәдени демалыс кешен ұжымдары өз өнерлерін ортаға салып, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Байқау қорытындысы бойынша қатысушыларға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<