Мәдениет және спорт саласында жүйелі жұмыстар атқарылуда

3899

0

Бүгінде Қызылорда облысында 410 мәдениет, өнер, архив және 41 спорт мекемесі халыққа қызмет көрсетуде. Сондай-ақ жыл басынан бері 2 мәдениет нысаны және 6 спорт кешені пайдалануға берілді. Ал жыл соңына дейін 3 мәдениет нысанының және 5 спорт кешенінің құрылысын пайдалануға беру жоспарлануда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастырған көшпелі баспасөз конференциясында Қызылорда облысының мәдениет және спорт басқармасының басшысы Мира Қазбекова баяндады.

-«Ауыл-ел бесігі» жобасы аясында Тереңөзек кентіндегі «Сырдария» спорт клубының ғимаратына, Шиелі ауданы Көкшоқы шағын ауданындағы спорт кешенінің ашық алаңына, Жаңақорған ауданы Әбдіғаппар ауылдық клубына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Отбасылық құндылықтарды нығайту, жас ұрпаққа рухани-адамгершілік тәрбие беру және заманауи қазақ анасының бейнесін қалыптастыруға бағытталған «Анаға тағзым» және «Отбасы» орталықтары пайдалануға берілді. Аймақ басшысының бастамасымен көпфункционалды 1000 орындық «Өнер» орталығының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жыл соңына дейін пайдалануға беру күтілуде,-деді Мира Жомартқызы.

Облыс әкімдігінің қолдауымен және өнер сүйер қауымның зор ықыласымен түрлі бағыттағы мәдени және спорттық іс-шаралар, өнер байқаулары, жаңа жобалар ел назарына ұсынылуда. Мәселен, жыл басынан бері облыстың мәдениет мекемелерінде 14 905 шара,118 концерт, 189 спектакль өткізілсе, 1322 бұқаралық спорттық іс-шара ұйымдастырылды.

-Мүмкіндігі шектеулі өнерпаздарымыздың шығармашылығын шыңдауға арналған «Арман» инклюзивті театры іске қосылды. Бұған дейін Қызылорда қаласы әкімдігі жанында үйірме ретінде жұмыс жасап келген «Жастар театры» өз алдына кәсіби ұжым ретінде қайта құрылды.Өңірімізде классикалық өнерді дамыту, көрермендерге концерттерді кәсіби әрі жанды дауыста ұсыну мақсатында облыстық филармонияда кәсіби музыканттардан симфония оркестрі жұмысын бастады. Оркестрге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мүсілім Әмзе жетекшілік жасайды. 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай облыс әкімінің мәдениет және әдебиет өкілдеріне арналған арнайы «Тұран» сыйлығы табысталып, облыс мәдениет ұйымдарындағы 8 өнер ұжымына 40 домбыра берілді. Ақындыққа бейімі бар балаларды айтыс өнеріне баулу, шыңдау мақсатында өңірімізде тұңғыш рет «Айтыс олимпиадасы» облыстық балалар мен жасөспірімдер айтысы өткізілді. Сонымен қатар, республика көлемінде тұңғыш рет Сыр жас ақындарының Алматыдағы Поэзия күндері өтті,-деді басқарма басшысы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<