«Айтыс олимпиадасының» жаңа есімдері
Қызылордада облыс әкімінің қолдауымен «Айтыс олимпиадасы» атты ІІІ облыстық ақындар айтысы өтті. Бұл айтыстың мақсаты – жастар арасында сөзге тоқтайтын, салмақты ой айта алатын тұлға қалыптастыру, есімі алты Алашқа белгілі айтыскер ақындар Мұхтар Ниязов, Мейірбек Сұлтанхан, Бексұлтан Орынбасаровтай өнер саңлақтарын тәрбиелеу, айтыстың мәнін терең түсінетін ұрпақ қалыптастыру.
Бүгінде барлық ауданда мектеп оқушылары мен жастарға арналған айтыс үйірмелері бар. Бұл жастардың сөз өнеріне қызығушылығы артқанын көрсетеді.
Айтыс аламанын айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық одағы Қызылорда филиалының төрағасы Нұрмат Мансұров жүргізді, Мамыр Байдәулетов, Жұмабай Шерниязов, Зухра Төлепова қазылық етті.
Қызылорда қаласы мен аудандардан қатысқан 10 ақынның ішінде бас жүлдені Мансұр Нұрахмет (Сырдария ауданы), І орынды Әмірхан Елдар (Шиелі ауданы), ІІ орынды Бекзат Серіков (Қазалы ауданы), ІІІ орынды Қартбай Мейіржан (Жалағаш ауданы) және Бектай Ұлықбек (Қызылорда қаласы) иеленді. Қалған қатысушы ақындар Алғыс хатпен марапатталды.
Биыл үшінші мәрте ұйымдастырылған «Айтыс олимпиадасы» сөз аламаны сапына жаңа есімдерді қосты.
Бұған дейін өңірде «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай «Адал еңбек – ел ырысы» атты республикалық командалық айтыс және Қызылорда қаласының еліміздің астанасы болғанының 100 жылдығына арналған «Үш дәуірдің астанасы – Қызылорда» атты республикалық ақындар айтысы өткізілген еді. Аудандарда іргесі қаланып, жыл сайын жанданып жатқан айтыс үйірмелері тәрбиеленушілерінің басын қосқан бұл айтыс сол сөз додаларының жалғасы іспетті.
«Әлқисса» концерті
Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі қызылордалық көрерменге Қазақстанның Халық артисі, көрнекті композитор, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған «Әлқисса» атты концертін ұсынды.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Кеулімжай Ботабаев, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты Руслан Балмасов дирижерлік еткен оркестр қазақ руханиятының алтын діңгегіне айналған шығармаларды орындады.
Жиналған жұртшылық қазақ музыкасы қорын ұлттың тарихи жады мен мәдени кодын бейнелейтін 500-ден астам теңдессіз туындымен толықтырған композитор шығармаларын тыңдап, ерекше әсер алып қайтты.
Ғасырлық мерейтой аясында өткен мәдени кеште С.Байсейітова, Ә.Әбсадықов, А.Шағдатов, М.Мақұлбеков, С.Тасбергенова, А.Табынбаев, Ж.Байжанова, А.Дүйсенбай, Ж.Жұмабек және М.Жантөре өнер көрсетіп, көрерменге күй мен сазға толы рухты кеш сыйлады.
Мәдениет саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Әзиза Іздіқұлова режиссерлік еткен концерт аншлагпен өтіп, көрермендер зор ризашылықпен тарқасты.
Сандық кеңістіктегі библиография
Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Сандық кеңістіктегі библиография қызметі» тақырыбында аудандық, қалалық кітапханалардың библиограф мамандарына арналған семинар өтті.
Семинарда ақпараттық-библиографиялық қызметте интернет және ақпараттық технологияларды пайдалану мәселелері талқыланды.
«WEB-PABIS ақпараттық жүйесінің «Каталогизатор», «Іздеу және тапсырыс беру» модульдері», «Виртуалды анықтама қызметі», толық мәтінді мәліметтер дерекқорын қалыптастыру, өлкетану бойынша құрастырылған ұсыныстық және ағымдағы библиографиялық көрсеткіштер ортаға салынды. «WEB-PABIS» каталогизатор модулімен библиографиялық көрсеткіштерді құрастыру жолдары, қазақстандық корпоративтік каталогтау орталығының жұмысы туралы сөз қозғалды.
«СБ» ақпарат





