Сырдың бойы сыр тұнған тарихи орындар мен ескерткіштерге бай. Солардың ішінде түркі тілдес халықтардың бәріне ортақ тарихи тұлға, кемеңгер ойшыл, ғажайып музыкант Қорқыт бабаның құрметіне қойылған ескерткіштің бітімі бөлек, тағылымы зор дер едік. Әйгілі орыс ғалымы В.Жирмунскийдің «Сырдария бойында Қорқытты қадірлеудің мың жылдық өнегесі бар» деген пікірінде үлкен шындық бар. Өйткені, бұл Қорқыт атаның кіндік қаны тамған жер, Оғыз мемлекетінің астанасы Жанкентте дүниеге келген данагөй бабаның өмірге шыр етіп келген, ғұмыр кешіп, көз жұмған жері. Бабаның аңызы мен рухани-музыкалық мол мұрасы сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен жер де – осы Сыр өңірі.
Ерекше сәулетімен алыстан мен мұндалап тұратын баба кесенесі рухани дүниенің есігі іспетті. Қобыздың үні сарнаған Қорқыт ата кесенесі адамзатқа күйбең тірліктің шеңберінен шығуды, әрбір сәттің құнды екенін бағалай білуді еске салып тұрғандай. Қорқыттың мәңгілік өмір дегені де қайталанбас уақытты қадірлеп, келешекке өнер, руханият арқылы өшпес із қалдыру болса керекті.
Әлемге аты мәшһүр Қорқыт ата мемориалды кешені Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы Жосалы кентінің солтүстік-батысындағы 18 шақырым жердегі Қорқыт станциясына жақын табиғи төбе үстінде орналасқан. Коммунистік партияның асқақтап тұрған шағында Қармақшы ауданының сол кездегі басшысы Елеу Көшербаев осы кешенді тұрғызуға ерекше ықпал жасаған еді. Соның нәтижесінде кешен құрылысы 1980 жылы атақты архитектор Б.Ибраев пен физик-акустик С.Исатаевтың жобасымен басталған.
Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап жүзеге асырылып жатқан «Мәдени мұра» бағдардамасының аясында көптеген ауқымды жұмыстар қолға алынды. Елімізде қаншама өнер жәдігерлері қалпына келтіріліп, түгелденді. Сыр бойындағы ескі шаһарларға археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштері есепке алынып, қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді.
Сондай қолға алынған кешенді шаралардың бірі – Қорқыт ата кешенін қайта жаңғырту жобасы болды. Ескерткіш жаңғыртудан өткелі мұнда тәу етіп келушілер қатары еселеп артты. Қайта жаңғыртудан соң ескерткіштің биіктігі 12 метрге, ал ескерткіш тұрған жердің өзі (тұғыры) 2,5 метрге биіктеді. Бұған қоса, амфитеатрды жағалай бауырлас түркі елдерінің туы, ұлттық символдары орналастырылды. Оған екі жылда бір мәрте өткізілетін «Қорқыт және Ұлы дала сазы» өнер фестивалі кезінде тутұғыр орнатылды. Бұрынғы ескі темір бетон материалдарды мрамор мен ұлутас тастары ауыстырды. Ал, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автожолынан арғы бетіндегі «Қорқыт ата зиярат ету орталығынан» осы ескерткіш кешенге дейінгі, онан «Ақсақ қыз» кесенесіне дейінгі аралыққа жүргіншілер жолы салынып, жарықтандырылып, аумақ түгел абаттандырылды.
Кешен аумағында орнатылған қобыз ескерткіші төрт элементтен тұрады. Әрбір стела әр тарапқа қаратып тұрғызылған құлпытастарға ұқсайды. Жоғары жағы кеңейе келіп, шөміш пішінінде түйісетін стелалар қобыз бейнесін көрсетеді. Оның түйісер түбіндегі орталық тесігінде 40 металл түтік бар. Олар жел соққан кезде қобыз сарынымен үндес дыбыс шығарады. Аңыздарда айтылған тәрізді Қорқыт ата мазарында соққан желге үн қосатын қобыз қойылған.
Бүкіл түркі әлемінің абызы атанған Қорқыт атаның мемориалды кешені тек қазақстандықтардың ғана емес, шетел азаматтарының да қызығушылығын туғызған қасиетті орын. Әсіресе, қайта жаңғырту жұмыстарынан соң тарихи-мәдени мұраны көруге келетін шетел азаматтары толассыз көрінеді.
Туристердің көпшілігі Германия, АҚШ, Қытай, Түркия, Франция елдерінен келеді. Соған сәйкес Қорқыт ата мемориалды музейінде шетел тілін білетін мамандар жұмыс істейді.
Айта кетейік, 2017 жылы Алтайдан тараған түгел түркінің киесі, қобыздың иесі, ортақ миф пен фольклордың атасы саналатын Қорқыт ата мұрасы адамзат тарихында айрықша із қалдырған құбылыс ретінде ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енді. Қазақстанның бастамасымен және бауырлас Түркия, Әзірбайжан мемлекетінің қолдауымен ұйымның қарауына алынған ілкімді жұмыс осылайша игі нәтижемен аяқталды. Нақтырақ айтқанда, «Қорқыт ата мұрасы: дастан, аңыз және музыка» деген атаумен енгізілген құжат Маврикий Республикасының астанасы Порт-Луисте өткен ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраларды қорғау жөніндегі комитетінің 13-үкіметаралық отырысында мақұлданып, тиісті шешім қабылданды.
Солардың бірі музейдің ғылыми қызметкері Айгүл Бермаханованың айтуынша, өткен 2021 жылы Қорқыт ата мемориалды музейіне 13 мыңнан астам турист келіпті. Биылғы келушілер саны – 12 мыңның үстіне шыққан. Жыл соңына дейін тағы бір мың турист келеді деп күтілуде.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<