Мәні терең мерекелер

1352

0

Мамыр айындағы мерекелерді аймақта мазмұнды ұйымдастыру үшін Президент Әкімшілігі ұсынған нұсқаулыққа сәйкес облыстық күнтізбелік жоспар әзірленген. Жоспарда атаулы мерекелер жалпыхалықтық сипат алуы үшін Орталық алаңда, халық көп шоғырланған орындарда, еңбек ұжымдары мен оқу орындарында өтетін іс-шаралар қамтылған.

Қала, аудан орталықтары мен елді мекендерде безендіру жұмыстары жүргізіліп, барлық мереке тойланбақ. Қазақстан халқының бірлігі мерекесіне арналған салтанатты іс-шара биыл орталық алаңда кең көлемде аталып өтіледі. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар орталығы ұйымдастырған  көшпелі брифингте айтылды.

Статистикаға сүйенсек, облысымызда халықтың 96,4 проценті – қазақ, 3,6 проценті – 35 этнос өкілдері. Олардың көпшілігі тағдырдың тәлкегімен Сыр өңірінен пана тапты. Олар біздің арамызда аймақтың өсіп-өркендеуі үшін аянбай еңбек етуде. Ал бейбітшілік пен ынтымақты ту еткен мерекені жоғары деңгейде атап өту үшін 48 қоғамдық-бұқаралық, мәдени-көпшілік, спорттық, ағартушылық және ғылыми-танымдық іс-шара жоспарланған.

Мерекелік мәдени-көпшілік шара 1 мамыр күні таңертең орталық алаңда өтеді. Ұлттық спорт түрлерінен сайыстар, этнос өкілдерінің тарихи экспонаттары мен қолөнер көрмелері, сауда қатарлары, балалар ойын алаңдары ұйымдастырылады. Аталған шаралардың бел ортасында облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының қоғамдық құрылымдары мен этномәдени бірлестіктерінің белсенділері болады. Мерекелік концертке белгілі өнерпаздар қатысады.

Сондай-ақ білім беру мекемелерінде «Қазақстан – бірлік пен татулық мекені» атты ашық тәрбие сағаттары, музейлерде «Қазақстан бірлік пен татуластық мекені», «Татулық – достықтың киелі бесігі», «Ынтымақ пен бірлік мекені» атты  көрмелер, ашық есік күндері өтеді деп жоспарланған.  Вело критериум спорттық жарыстары және мекемелерде мерекелік  қабылдаулар мен мәдени-танымдық кештер өткізіліп, осы бағытта қала және ауданның көрнекті жерлеріне 78 билборд ілінген. Қызылорда қаласы мен аудандарда халықтық серуендер, «Таза аула» сайыстары, қайырымдылық шаралар мен волонтерлік көмектер ұйымдастырылмақ, − деді облыстық мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Жанат Құрамысова.

7 мамыр − Отан қорғаушылар күні де жас ұрпақтың отансүйгіштік сезімін арттыруға арналған шаралар «Бейбітшілікті қорғау» ұранымен өтпек. Өткізілетін шаралар «Отан қорғаушының» жасампаз бейнесін ерліктің, батылдықтың және мемлекеттік сенімді қорғанысының символы ретінде әскерилердің даңқын асыруға арналады. Мерекелеудің бірыңғай топтастырушы рәмізі ретінде патриоттық «Жеңіс лентасын» жаппай тағуға шақырады. «Әскерге бару – азаматтық парызым» атты вайндар байқауы, облыстан әскерге аттанған жас сарбаздардың  «Мен әскердемін» патриоттық бейнечелленджі ұйымдастырылып, жалпы білім беру мекемелерінде  «Ерлік сабақтары»  мен патриоттық акциялар өткізіледі.

Ал  9  мамыр  –  Отан соғысындағы  Жеңістің 77 жылдығы. Бүгінде облыста 7 соғыс   ардагері   бар. Майдангерлерге 1 млн 114 мың теңге көлемінде әлеуметтік төлем беріледі. Жалпы өңірдегі 2 867 ҰОС ардагерлеріне теңестірілген азаматтарға біржолғы материалдық көмек көрсетуге облыстық және аудандық бюджеттен барлығы 417,3 млн теңге бөлінген. «Батырларға тағзым» акциясы биыл онлайн форматта өтеді. Ол үшін Tengrinews ақпараттық порталында арнайы платформа әзірленді. Платформаға әр қазақстандық соғысқа қатысқан аталарының, жақындарының ақпараттарын суреттерімен орналастыра алады. «Батырларға тағзым» онлайн шеруі ұйымдастырылмақ.

Сонымен қатар, Отан соғыс ардагерлерін ұлықтау мақсатында барлық білім беру ұйымдарында «Ұлы Жеңіс – ұраным!» атты өңірдегі Отан соғысы ардагерлері туралы тәрбие сағаттары, «Өшпес алау» атты студент жастардың, Сыр спортшыларының Жеңістің 77 жылдығына арналған патриоттық бейнечелленджі, белсенді жастар ұйымдарының, студент жастардың, волонтерлардың «Ардагерлерге тағзым» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылады.

Әрбір қызылордалық үшін бұл мерекелер әскери дәстүрлердің сабақтастығымен, аға ұрпақтың бейбітшілік пен мемлекет тәуелсіздігін сақтаудағы ерлігімен тығыз байланысты. Барша қала тұрғындары мен қала қонақтарын мамыр айының мерекелеріне белсенді қатысуға шақырамыз.

«СБ» ақпарат