Мәртебесі биік мәдениет

3951

0

2023 жыл мәдениет саласының өсу-өркендеу кезеңімен есте қалғалы тұр. Айтулы жаңалықтар көп болды. Соның бірі – қазақ руханиятын дамытуға үлес қосқан сырбойылық шығармашылық өкілдеріне «Тұран» сыйлығымен қоса 500 мың теңгеден қаржылай сыйақының тағайындалуы. Бұл өнер және шығармашылық өкілдерінің еңбегіне берілген жоғары баға еді. Сыйлыққа 20 өнер және әдебиет өкілі ие болды.

Биыл араға жылдар салып Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының Алматы қаласына гастрольдік сапары ұйымдастырылды. Өнер сапары аясында театр репертуарындағы 4 үздік қойылым  Алматы театрларында сахналанды. Айталық, биыл театрда Ш.Айтматовтың повесі желісімен «Жәмилә» драмасы, С.Раевтың «Ақ ләйлек» психологиялық драмасы, О.Нұрмахановтың «Көрұғлы» рухнамасы және бірқатар балалар қойылымының премьералары өтті. Сондай-ақ аймақ тұрғындарына қоғамда өзекті болып отырған сыбайлас жемқорлыққа, нашақорлыққа қарсы тақырыптарды қамтыған тегін қойылымдар көрсетілді. Бұдан бөлек, мүмкіндігі шектеулі өнерпаздардың шығармашылығын шыңдауға арналған инклюзивті театр іске қосылды.

Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың тікелей қолдауымен тұңғыш рет облыстық филармония жанынан симфония оркестрі құрылды. Оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мүсілім Әмзе. Құрамына ішекті, үрмелі және ұрмалы аспаптар бойынша 30 кәсіби музыкант қабылданып, жалпы ұжым 50-ден аса маманнан жасақталды. Сондай-ақ бұған дейін қала әкімдігі жанында үйірме ретінде жұмыс жасап келген Жастар театрының өз алдына кәсіби ұжым ретінде қайта құрылуы өңір мәдениеті тарихындағы маңызды бастаманың бірі болды.

Астана қаласында Қызылорда облысының мәдениет және өнер күндері Сырдың сара өрісін әйгілеген айтулы шара болды. Елорданың 25 жылдығына арналған шара  «Сұлу Сырдан – ару Астанаға» деп аталды. Салтанатты шара Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрының ұсынымындағы Ш.Айтматовтың «Жәмилә» спектаклімен ашылды. Одан кейінгі күнде мемлекет және қоғам қайраткері, Сыр перзенті Т.Жүргеновтің 125 жылдығы аясында жазушы-драматург Р.Отарбаевтың «Нарком Жүргенов» спектаклі сахналанды.

Елордалықтар назарына «Сыр өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі» атты үш бөлімнен тұратын көрме ұсынылып, оған қазақ тарихындағы төрт астананың ізі қалған Сыр өңірінің өткені мен бүгіні арқау болды.

Өнер күндері «Бейбітшілік және келісім сарайында» Сыр бойы өнер шеберлерінің гала концертімен қорытындыланды. Концертте Сыр бойынан шыққан танымал эстрада жұлдыздары Жеңіс Сейдоллаұлы, Елена Әбдіхалықова, Жеңіс Ысқақова, Мәдина Сәдуақасова, Ғалымжан Нарымбетов, Құралай Мейрамбек, сондай-ақ, Тұрмағанбет атындағы халық аспаптар оркестрі, биыл құрылған симфония оркестрі, «Сыр самалы» вокалды-аспапты ансамблі, «Томирис» би ансамблі, Сыр өңірінің жыраулары мен тағы басқа аймағымыздың талантты өнерпаздары өнер көрсетті.

Әрине, жыл өзегінде мәдениет саласының елге сыйы аз болған жоқ. «Қорқыт және ұлы дала сазы» сынды дәстүрлі халықаралық іс-шаралар салтанат сәнін түзеп, Сыр руханиятының жаңғырығы алыс-жақынға тарап жатты. Бір сөзбен айтқанда мәдениет саласы жыл бойы тынымсыз жұмыс істеп, ұлт рухын көтеруге сүбелі үлес қосты.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<