Қызылорда облыстық мәслихатының экология, өндіріс, шаруашылық және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия отырысы депутат Бауыржан Сандыбаевтың төрағалық етуімен өткізілді.
Депутат Ж.Нұрымбетов, Д.Жұмбеков, Р.Ибраев, Е.Қалиев, Б.Мақашев, Қ.Нұрсейітов, А.Рахметов, Қ.Сақтағанов, Н.Сопбеков, О.Төлепов қатысқан отырыста Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысы Т.Дүйсебаевтың есебі тыңдалды.
Өз есебінде 2020-2022 жылдар аралығында республикалық және облыстық бюджеттерден барлығы 37,6 млрд қаржы бөлініп, ауыл шаруашылық, жер мәселелері бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталып, жоспармен бөлісті.
Осы сұраққа байланысты, депутат Орынбасар Төлепов шабындық жерді халыққа берудегі мәселені қозғады. Ауылдардағы, егістіктердегі ішкі су жолдарын тазалау мәселесін айтқан Депутат Жорабек Нұрымбетов суды мөлшермен пайдалану, егістікке берілген жердің сапасын бақылау және егістікті суару үшін су шаруашылығынан рұқсат алу керектігін де сөз етті.
Депутат Бақдәулет Мақашев әр шаруашылықтағы ішкі су жолдарын тазалау үшін пайдаланылған шығындардың есебі жүргізіліп, қаржысы бөлінсе суға үнемділік болатындығын алға тартты.
Сонымен қатар, депутат Ерлан Қалиев қазіргі таңда жанар жағар май және техниканың бағасы қымбаттағанымен жұмысшы еңбекақысының сол күйі қалғандығын мәселе етіп көтеріп, шаруашылықтарға ең алдымен осы мәселені шешу керектігін айтты.
Күн тәртібіндегі «Әлеуметтік маңызы бар қатынастардың тізбесін айқындау туралы» Қызылорда облыстық мәслихатының 2016 жылғы 10 ақпандағы №352 шешіміне өзгеріс енгізу туралы мәселесі бойынша Қызылорда облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы П.Шамұратов хабарлама жасап, ұсынған облыс бойынша халық көп шоғарлануына байланысты әлеуметтік маңызы бар қатынастар тізбесіне өзгеріс енгізу мәселесі депутаттар тарапынан қолдау тапты.
Сондай-ақ, «Қызылорда облысында жылу маусымына дайындық және оны өткізу қағидаларын бекіту туралы» Қызылорда облыстық мәслихатының 2016 жылғы 19 мамырындағы №28 шешіміне өзгерістер енгізу туралы облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Р.Нұрмағанбетов хабарлама жасады. Ол сыртқа ауа +10 градустан төмен болған жағдайда жылуды қосу мәселесімен таныстырды. Халық игілігі үшін жасалатын жұмыстарға депутаттар қолдау білдірді.
Комиссия отырысы соңында депутат Ерлан Қалиев Байқоңыр қаласындағы бірқатар мәселені қозғады. Ашып айтар болсақ, адам денсаулығына зиян келтіретін радиацияға байланысты жергілікті тұрғындарға көмек көрсету, 3 ай сайын тариф бағасы көтерілуі және қазақстандық кәсіпкерлерге Ресей Федерациясы заңының аясында жасалып отырған қиянаты ҚР қаржы министрлігіне ұсыныс ретінде жолдау қажеттілігін баса айтты.
Осыған орай тұрақты комиссия депутаттары уақытша комиссия құрып, мәселені егжей-тегжей зерделеу керектігін бір ауыздан қолдады.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<