«Мәселе тек жалаң үгіт-насихатпен шешілмейді»

545

0

Жауапкершілік жүгін арқалап, ел сенімін ақтап келетін Мейрамбек Жұмашев депутаттық мінберден жиі көрінеді. «AMANAT» партиясының облыстық мәслихаттағы фракциясының мүшесі Арал ауданындағы, әсіресе шет ауылдардағы күрмеуі қиын мәселеге назар аударып, жастардың жұмыспен қамтылуына барынша қолдау көрсетіп келеді.

 Халықпен етене байланыста болып, қоғамдық қабылдауларды жиі өткізіп тұрады. Туған жерді түлетуге үлес қосып жүрген азамат Арал теңізінің бүгінгі жайына да алаңдаулы.

– Арал теңізін сақтау үшін көптеген жобаның ұсынылғаны белгілі. Алайда олардың көпшілігі теңізді толтыруды емес, оны тек бүгінгі деңгейде ұстап қалуды көздейді. Бұл проблеманың тууына себепші болған тек өзіміз. Ұзақ жылдар бойы Аралға құятын ірі өзендер Әмудария мен Сырдарияның  суын теңізге жеткізбей, түгелдей дерлік егістіктерді суландыруға пайдаланып келдік. Біздің өңірде мақта мен күріш еккеннен мемлекетке келіп жатқан пайдасы қандай? Соны зерттеуіміз керек. Өзге елдердің тәжірибесін көріп, оның тиімдісін өзімізге енгізген дұрыс деп есептеймін. Мәселен, Өзбекстанда болған кезімде олар тек қана күріш екпейді. Сыр аймағында күріштің санаулы түрі болса, ол жақта 36 сорты бар. Сондай-ақ жерге күріш егіп болған соң, оны орып алып, өзге де қыстық дақылдарды егіп, сан алуан өнім түрлерін алады. Одан жердің құнарлылығы артады. Суару, егу тәсілі де мүлдем басқаша. Осы жағынан алғандатабиғи ерекшелікке сай үйренетін тәсіл көп сияқты, – дейді Мейрамбек Тоғысұлы.

Бүгінде ауыл тұрғындарын, оның ішінде ауыл жастарын қолдауға арналған мемлекеттік бағдарлама көп. Оны тиімді пайдалану үшін түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңызды. Жуырда депутат «AMANAT» партиясы Арал аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Мергенсай» ауылдық округінде 2,5 пайызбен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның жастарға шағын несие беру, «Ауыл аманаты» бағдарламаларын түсіндіру үшін қоғамдық қабылдау өткізіп, тұрғындармен кездесті. Онда түрлі тақырыпта әңгіме қозғап, әсіресе жастардың болашағына қатысты келелі пікірін ортаға салды. Қоғамдық қабылдауда тұрғындардың сұрауымен ауылдық клубтың ескірген музыкалық аппаратураларын жаңартуға демеушілік көмек жасады.

– Мемлекетіміздің жарқын болашағы, әрине, жастардың бүгінгі білімі мен біліктілігіне байланысты. Сондықтан ұлттық идеологияны дамытуды жақсылап қолға алу керек. Әсіресе, материалдық тәуелділікке емес, өз елінің нағыз патриоты болуға тәрбиелеуге жұмыс істелгені құба-құп.  Жастардың тұрақты кәсіп табуына көмектесуіміз қажет. Қазір жұмыспен қамтуға бағытталған бірнеше бағдарлама бар. Бірақ көбі сол шаралар туралы білмейді. Мемлекет ұсынып отырған түрлі қолдау жұмыстарынан хабарсыз. Бұл мәселе тек жалаң үгіт-насихатпен шешілмейді. Ертең еліміздің абыройын асыратын да – осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз. Бұл жағынан бізге мықты идеология керек.  Сонда жұмыс жүйелі болады, – дейді депутат.

Қоғамның келелі мәселесіне үн қатып жүрген депутат қайырымдылық істерден де қалыс қалмайды. Күні кеше ауа райының қолайсыздығына байланысты жолда қалып қойған азаматтарға көмек берген ауыл кәсіпкерлерінің қатарынан да табылды. Сонымен қатар М.Жұмашев бастауыш сыныптардағы ыстық тамақ мәселесі мен сұйық отын пайдаланатын шалғай мектептердің жай-күйін жиі көтеріп жүр.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<