Мәселелер мұқият зерделенеді

605

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев кезектілік тәртібімен жазылған азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Қабылдауға 9 азамат келді. Басым бөлігі жұмыспен қамту, шағын кәсіпті қолдау және тұрғын үй алу мәселесін көтерді. Мәселен, екі жұмыссыз азамат шағын кәсіп ашуға мемлекет тарапынан қолдау көрсетуді айтса, Қызылорда қаласы мен аудандардан келген 3 азамат тұрғын үй алуға ықпал етуді сұрады.

Аймақ басшысы өзін-өзі жұмыспен қамтып, кәсібін ашам деген азаматтарға барынша қолдау көрсету қажет екенін баса айтты. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз гранттар әділ әрі ашық түрде берілуі керектігін қаперге салды. Бұл ретте салалық орынбасары мен облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысына қабылдауға келген азаматтардың өтініш-тілектерін мұқият зерделеп, заңдылыққа сәйкес тиісті жұмыстар жүргізуді тапсырды.

Тұрғын үй мәселесі тек заң аясында шешілетіні түсіндірілді, яғни, өтiнiш берiлген кезден бастап тізімде белгіленген кезек ретімен ғана табысталады. Ал уақытша баспана аса мұқтаж тұрғындарға ғана берілетінін еске салды.

Айта кетейік, кейінгі уақытта Сыр өңірінде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Биыл СПМК-70 тұрғын ауданынан 500 пәтерлі  10, сол жағалаудан жалғыз баспанасы апатты деп танылған тұрғындарға 50 пәтерлі 1 тұрғын үй құрылысы аяқталып, 550 отбасы немесе 2750 адам жаңа қоныстарына ие болады деп жоспарлануда. Бұл жұмыстар аудандарда да ұйымдастырылуда.

Аймақ басшысының жеке қабылдауына келген 3 азамат жұмыспен қамту мәселесін көтеріп, тұрақты жұмысқа орналастыруды сұрады. Бұл ретте бос жұмыс орындарының тізіміне қарай мәселе қаралады.

Осы уақытқа дейін аймақ басшысы 19 жеке қабылдау өткізіп, 163 азаматтың мәселесін саралады. Көтерілген әрбір мәселе әртүрлі шешімді қажет етеді. Облыс әкімінің қабылдау барысында айтылған тапсырмалары белгіленген мерзімде орындалады. Мәселелер тұрақты бақылауында.

Айта кетейік, облыс әкіміне жазылу үшін азаматтар egov.kz порталы арқылы, е-otinish бірыңғай базасы мен жазбаша нысанда әкімдікке келіп өтініш бере алады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<