Пандемияға байланысты «Мәскеу – Қызылорда – Мәскеу» бағыты бойынша әуе рейсі уақытша тоқтатылған болатын. Сондай-ақ, «Санкт-Петербург – Қызылорда» бағыты бойынша Nord wind (Северный ветер) әуе компаниясымен жүргізілген келіссөз аяқталмай қалған. Нақты кезеңде жұмыстар қайта қолға алынды.
Алдағы жылдың көктемінде Ресейдің екі қаласына жолаушы тасымалданатын болады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Дамир Тілеуов айтты.
Қазіргі таңда «Қорқыт ата» халықаралық әуежайы арқылы аптасына 21 тұрақты рейс орындалуда. Өткен 11 айда 126,2 мың жолаушы жөнелтілді.
– Жолаушылар мен жүк тасымалын ұлғайту, қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін «Қорқыт ата» әуежайының қолданыстағы терминалын қайта құру және аумағын кеңейту мәселелерін шешу қажеттігі туындаған. «Болат Өтемұратов қоры» біздің ұсынысымызды қабыл алып, әуежайдың жаңа терминалын салу жобасын қайырымдылық аясында іске асыруға ниет білдіріп отыр, – деді ол.
Еске сала кетейік, 26 қазан күні Қызылорда қаласындағы «Қорқыт ата» әуежайының жаңа жолаушылар терминалын салу бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға облыс әкімдігі, «Қорқыт ата әуежайы» АҚ және «Болат Өтемұратов қоры» қол қойды. Меморандум бойынша аталған қор жобаны толық қаржыландыратын болады. Жақын арада жобаны іске асыру бойынша арнайы келісім жасалады деп күтілуде.
Жаңа әуежай терминалының халықаралық стандарттардың барлық талабына сәйкес заманауи үлгіде салынуы – басты талаптардың бірі. Жоспар бойынша әуежай сағатына 300 жолаушыға қызмет көрсете алады, яғни жолаушылар қабылдау мүмкіндігі қазіргіден 2 есе артады.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<