Мәслихатта қаралған мәселе

684

0

Кеше аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен облыстық мәслихаттың кезектен тыс 7 сессиясы өтті. Күн тәртібінде «2021-2023 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы», «Қызылорда облысының құрметті азаматы» атағын беру және «Қызылорда облыстық мәслихатының аппараты» мемлекеттік мекемесінің «Б» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің қызметін бағалаудың әдістемесін бекіту» мәселелері қаралды.

Мәслихатта қаралған мәселе

Сессия барысында өңір басшысы бірқатар салалардағы көрсеткіштерге тоқталып өтті. – Бүгінде өңірде бірқатар әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамикаға қол жеткіздік. Биылғы жылдың 10 айында өнеркәсіп өндірісі – 0,3 пайызға, өңдеуші өнеркәсіп өндірісі 12,4 пайызға, құрылыс жұмыстары көлемі 0,6 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 4,2 пайызға, жеке инвестициялар тарту көлемі 13,3 пайызға және сауда көлемі 2,1 пайызға артты. Тұрғын үй салу жоспары 644,7 мың шаршы метр болса, 10 айдың қорытындысымен тұрғын үйді пайдалануға берудің болжамды көлемі 527,5 мың шаршы метрді құрап отыр. Биыл 38 әлеуметтік нысанның құрылысын жүргізу жоспарланған болса, оның 7-і пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 13 әлеуметтік нысанның құрылысы аяқталады. Қалған 18 жоба келер жылға өтпелі ретінде қалды, – деді Гүлшара Әбдіқалықова. Өңірде аудан орталықтары толықтай газдандырылды. Жыл басынан бері Тереңөзек, Жосалы, Жалағаш кенттері және Шиелі ауданының Бекежанов, Қодаманов ауылдары газдандырылса, желтоқсан айында Қазалы қаласы көгілдір отынмен қамтылмақ.

Мәслихатта қаралған мәселе

Ауыл шаруашылығы саласында да оң динамика байқалды. Егінді әртараптандыру аясында биыл күріш егістігі 89,5 мың гектардан 83,6 мың гектарға дейін қысқартылды. Дегенмен, су тапшылығы қиындығына қарамастан 500 мың тонна өнім алынды.Шағын орта бизнесті дамыту аясында облыста 2023 жылға дейінгі экономикалық даму Картасы қабылданған болатын. Бүгінгі күні жалпы құны 9,5 млрд.теңгеге 163 жоба іске қосылды, оның ішінде биылғы жылы 2,3 млрд.теңгені құрайтын 74 жоба жүзеге асырылды. 400-ден астам жаңа жұмыс орны құрылды. Айта кетейік, ішкі нарықты жергілікті өнімдермен қамту үшін кәсіпкерлерге төмендетілген пайызбен несие беру бағдарламасы іске асты. Оған облыс бюджетінен 400 миллион теңге өлінді. Бүгінде жалпы құны 325 миллион теңге болатын 13 жоба қаржыландырылды.

Мәслихатта қаралған мәселе

Сондай-ақ, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай желтоқсан айында құны 45 млрд.теңге болатын 4 жобаны іске қосу жоспарлануда. Олар: Қызылорда қаласындағы шыны зауыты, Арал ауданындағы тұз өңдеу цехы, Сырдария ауданында күріш өңдеу цехы және Жаңақорған ауданында керамзит блоктарын шығаратын цех. Жиында күн тәртібіне сәйкес облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұрғали Қордабай «2021-2023 жылдарға арналған облыстың бюджеті туралы» баяндама жасады. Қызылорда облыстық мәслихатының 2020 жылғы 11 желтоқсандағы №519 шешіміне өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы ұсыныстар айтылды. Мұнан соң, облыс әкімі аппаратының басшысы Ерлан Райғаниев 3 азаматқа «Қызылорда облысының құрметті азаматы» атағын беру ұсынысын ортаға салды. Сессия отырысында «Қызылорда облыстық мәслихатының аппараты» мемлекеттік мекемесінің «Б» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің қызметін бағалаудың әдістемесін бекіту» мәселесі қаралды. Облыстық мәслихаттың 2018 жылғы 29 наурыздағы №199 шешіміне өзгеріс енгізу туралы облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов баяндама жасады. Жиында облыс әкімі пайдаланылмаған және үнемделген қаржы есебінен өңір бюджетін 2,1 млрд.теңгеге нақтылауды ұсынып, басымдық берілетін негізгі салаларды атады. Сонымен қатар депутаттардың көтерген мәселелерін жан-жақты саралап, келесі үш жылдыққа арналған облыс бюджетін бекіту барысында ескерілетінін және бұл мәселе аймақ басшысының ерекше назарында болатынын жеткізді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<