Мәжіліс мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтарын қамтамасыз етуге қатысты құжатты мақұлдады

432

0


Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


Аталған заң жобасы Қазақстан Республикасында мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспарды орындау аясында әзірленген. «Заң жобасы мүгедектігі бар адамдардың, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, еңбек ардагерлері және басқа да санаттарды қоса алғанда, азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі заңнаманы жетілдіру мақсатында әзірленді. Бұл нормаларды «Nur Otan» партиясы қолдағанын және сайлауалды тұғырнамада көрініс тапқанын атап өту қажет», – деді министр.

Негізгі тұжырымдамалық жаңалықтарға тоқталсақ, құжатта себебіне қарамастан, I топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтім көрсетушілерге жаңа жәрдемақы түрін енгізу қаралған. Қазіргі уақытта I топтағы 66 мың мүмкіндігі шектеулі жанның арасынан әрбір үшіншісі күтімі бойынша жәрдемақымен де, жеке көмекшінің қызметімен де қамтылмаған. Яғни басқа адамның көмегіне зәру, өз бетімен жүріп-тұра алмайтын мүгедек жандар. Осы орайда заң жобасын қабылдау нәтижесінде сыртқы қамқорлыққа мұқтаж 24 мың адам қосымша күтім бойынша жәрдемақымен қамтылады. «Қазіргі уақытта жәрдемақыны енгізу бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде», – деді министр.

Бұдан бөлек, бала денсаулығының бұзылу дәрежесін және тыныс-тіршілік әрекетінің шектелуін ескере отырып, заң жобасында 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды мүгедектік топтары бойынша бөлу көзделеді. Бұл шара балалар ауруының дәрежесіне қарай оңалту іс-шаралары мен әлеуметтік көмекті, оның ішінде жәрдемақылар мөлшері бөлігінде саралауға мүмкіндік береді.

Бұл ретте мүгедектігі бар балалардың барлық топтары үшін жәрдемақы мөлшері 16,7 пайыздан 37 пайызға дейін ұлғайтылады. Бұл шара 30 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі балаға қатысты болады. Бұдан бұрын хабарланғандай, Құжатта мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған отбасыларға бала кәмелеттік жасқа толғаннан кейін де тұрғын үй кезегінде тұру құқығын сақтау көзделеді. I топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтім көрсетушілерге жаңа жәрдемақы түрі енгізіледі.


 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<