Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановты қабылдады.
Президентке Мәжілістің VII шақырылымының екінші сессиясында атқарылған заң шығару жұмыстары туралы мәлімет берілді. Парламенттің төменгі палатасының спикері қабылданған бірқатар заңның Мемлекет басшысы ұсынған реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.
Ерлан Қошановтың айтуынша, қазіргі уақытта депутаттар халықпен кездесулер өткізіп, жергілікті жерлердегі ахуалмен танысу үшін өңірлерге аттанған. Олар азаматтардың көтерген маңызды деген проблемаларын зерттеп, жүйелейді. Содан кейін Үкіметпен бірлесіп бұл мәселелерді шешетін болады.
Мәжіліс төрағасы Президентке Парламенттің төменгі палатасы жұмысының жаңа форматы, соның ішінде Қоғамдық палата құру жөнінде айтты. Бұдан бөлек Ерлан Қошанов Қасым-Жомарт Тоқаевқа «АMANAT» партиясының қоғамдағы әлеуметтік әділдікті қамтамасыз етуге және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жұмыстары туралы баяндады. «Жер аманаты» жобасы аясында пайдаланылмайтын және ауыл шаруашылығы мақсатындағы заңсыз берілген жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Телефон арқылы сөйлесті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев телефон арқылы сөйлесу барысында екіжақты және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелерді талқылады.
Қазақстан Президенті Өзбекстан басшылығының Қарақалпақстандағы тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шешімі уақытылы қабылданғанын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевтің Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі референдумды сәтті өткізуіне тілектестік білдіріп, бұл оқиға бауырлас Өзбекстанды жаңғыртуға бағытталған ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларды жүзеге асыру үшін маңызды қадам болатынын атап өтті. Сонымен қатар екі ел басшылары Қырғызстанда өтетін Орталық Азия мемлекеттері көшбасшыларының алдағы консультативтік кездесуінің күн тәртібін талқылады.
Жобалар жөнінде ақпарат берілді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиевті қабылдады.
Мемлекет басшысына «ҚазМұнайГаз» компаниясының мұнай-газ химиясы саласында жүзеге асырып жатқан жобалары жөнінде ақпарат берілді. Қазіргі уақытта Атырау облысындағы полипропилен шығаратын зауытты іске қосу жұмыстары аяқталып келеді. Бұл өндіріс орны биылғы тамыз айында іске қосылады деп жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, Президентке полиэтилен және бутадиен өндірісіне қатысты жобалардың жүзеге асырылу барысы баяндалды. Мағзұм Мырзағалиев Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамының қазіргі жағдайы мен даму перспективалары, сондай-ақ Маңғыстау облысында әлеуметтік тұрақтылықты сақтау үшін жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде есеп берді. «ҚазМұнайГаз» басшысы Президентке компанияның шетелдік активтерін дамыту перспективалары жөнінде баяндады. Кездесу соңында Мемлекет басшысы инвестициялық жобаларды уақытылы іске асыру және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.
Уағдаластықтарды жүзеге асыру маңызды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропа одағының президенті Шарль Мишельмен телефон арқылы сөйлесті.
Қазақстан Президенті былтыр қараша айында өткен Брюссельдегі жеке кездесудің және қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асырудың маңызды екенін айтты.
Мемлекет басшысы Қазақстанның Еуропа одағымен кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық жөнінде Келісімге қол қойған Орталық Азиядағы бірінші ел екенін атап өтті. Бұл қарым-қатынастарымызды жаңа деңгейге көтерді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі саналатын Еуропа одағымен орнықты байланысты дамытуға бейілді екеніне назар аударды.
Әңгіме барысында өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі мәселелер жан-жақты талқыланды. Олар азық-түлік дағдарысының күрделене түскеніне алаңдаушылық білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық ахуалды жақсарту, ең өзекті деген мәселелер бойынша сенімді диалог орнату үшін күш біріктірудің маңызды екеніне тоқталды.
Әңгіме соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шарль Мишельді Қазақстанға сапармен келуге шақырды.
Министр есеп берді
Президент Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановты қабылдады.
Мемлекет басшысына Қазақстанның ДСҰ-ға мүше елдер министрлерінің 12-конференциясына төрағалығының қорытындысы туралы баяндалды. Министрліктің сыртқы сауданы дамыту және экономикалық интеграция аясында ұлттық мүддені қорғау жұмыстарының нәтижесі ұсынылды. Трансшекаралық хабтарды және сауда-логистикалық инфрақұрылымды өркендету, соның ішінде «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізі мен Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойымен дамыту жөніндегі жобалардың жүзеге асырылу барысы туралы мәлімет берілді.
Сонымен қатар Бақыт Сұлтанов Үкіметтің негізгі азық-түлік тауарлары бағасының тұрақтылығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету шаралары жөнінде есеп берді. Оның айтуынша, 2022-2024 жылдарға арналған азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жоспардың жүзеге асырылуы 2024 жылға қарай импортқа тәуелді негізгі тауарлар бойынша халықты жүз пайыз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Кездесу соңында Президент сыртқы сауда қызметін жандандыру және шетел нарығындағы Қазақстан өнімдерін ілгерілету жөнінде тапсырма берді. Мемлекет басшысы ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін негізгі азық-түлік тауарлары экспортын реттеу қажет екеніне баса мән берді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<