Мәжілісте маңызды екі мәселе талқыланды

390

0

Кеше ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет мәжілісінде көлік қатынасының қолжетімділігі мәселесі қаралды.

Ведомство басшылары және өңір әкімдері атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер жайлы хабарлама жасады.

Үкімет жиынынан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев арнайы мәжіліс өткізіп, жол қозғалысының қауіпсіздігіне қатысты мәселелерге тоқталды.

–    Қыс мезгілінде жолдарды күтіп ұстау, әсіресе, жол қозғалысын қауіпсіз және үздіксіз қамтамасыз ету маңызды. Ауа райының қолайсыздығына байланысты еліміздің бірқатар аймағында автомобиль жолдары жабылған болатын. Біз де бұндай жағдайларға дайын болуымыз қажет, – деді аймақ басшысы.

Күн тәртібіндегі мәселеге орай жауапты мекеме басшылары атқарылған жұмыстарды баяндады. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына «Қорқыт ата әуежайы» акционерлік қоғамымен бірлесіп, халықаралық және басқа облыс орталықтарына рейстер ашуды пысықтау тапсырылды. «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының облыстық филиалы Қызылорда облысының полиция департаментімен, Қызылорда қаласы және аудан әкімдерімен бірге  жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тиісті шараларын қабылдауы тиіс.

Ал Қызылорда облысының төтенше жағдайлар, полиция департаменттері облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп, қолайсыз ауа райында көлік қозғалысына қатысты төтенше жағдай болғанда жедел құтқару шараларын ұйымдастыруы керек.

Айта кетейік, облыс аумағында 212 елді мекенді аудан және облыс орталығымен байланыстыратын 205 автобус маршруты бар. Оның ішінде 71-і – ауданаралық (қалааралық), 101-і – аудандық (кентішілік) және 33-і қалаішілік және қала маңы бағыты. Мұнан бөлек, Өзбекстанның Ташкент қаласына 1 халықаралық және Астана, Алматы, Шымкент, Жезқазған, Түркістан, Сарыағаш, Ақтөбе қалаларына 13 облысаралық автобус маршруты ұйымдастырылған. Облыс аумағынан барлығы 16 жұп жолаушы пойызы өтеді, оның ішінде облыс орталығынан Петропавл, Павлодар, Көкшетау, Семей және Түркістан қалаларына 5 жұп жолаушы пойызы қатынайды. «Қорқыт ата» әуежайынан аптасына 22 тұрақты рейс орындалуда.

Күн тәртібіндегі екінші мәселеде  бюджет қаражатының игерілуі талқыланды.

Аймақ басшысы бөлінген қаржыны толық игермеген мекемелерді сынға алды.

–    Өздеріңізге белгілі, бюджет қаражатының сапалы игерілуі өткен жылы ай сайын тұрақты қаралды, тиісті тапсырмалар да берілді. Дегенмен 2023 жылдың қорытындысында облыс бюджетінің игерілуі 99,3%-ды құрады.  Мен барлық облыстық мекеме басшыларына, аудан, қала әкімдеріне бюджет қаржысының тиімді жоспарлануына, пайдаланылуына қатысты қатаң талап қойылатынын ескерттім. Бюджеттің әр тиынының сұрауы бар! Дегенмен кейбір бюджеттік бағдарлама әкімшілері және әкімдіктер жұмысты дұрыс үйлестіре алмады, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Қаржының толық игерілуін қамтамасыз ете алмаған басқарма басшылары мен қала, аудан әкімдері жағдайды баяндап, қабылданған шаралар туралы айтты.

Аймақ басшысы көрсеткіші нашар мекемелердің жұмысына орынды сын айтып, кемшіліктерді шұғыл арада түзетуді міндеттеді. Мәселен, республикалық бюджеттен бөлінген 120,8 млн теңгені игермеген облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасына биылға қаржының қайта бөлінуін қамтамасыз етіп, жоспарланған жұмыстарды аяқтау тапсырылды. Ұлттық қор қаржысы есебінен 247,3 млн теңгені, республикалық бюджеттен бөлінген 32,4 млн теңгені игермеген Қызылорда қаласы әкімдігінің көрсеткіші өте төмен. Осыны ескеріп, тиісті шара қабылдануы керек. Мұнан бөлек, қаржыны игеруде межені жеткілікті орындамаған Арал ауданы әкімдігіне де ескерту жасалды.

Мәжіліс соңында облыс әкімі жыл қорытындысымен республикалық бюджеттен бөлінген игерілмеген қаржыны биыл толық пайдалану үшін министрліктермен тиісті жұмыс жүргізуді тапсырды.

Осыған байланысты жауапты басшылар бірінші кезекте өткізілуі тиіс мемлекеттік сатып алулар бойынша өтінімдерді веб-портал арқылы облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасына шұғыл жолдауы тиіс. Аймақ басшысы мемлекеттік сатып алу конкурстарының жедел жариялануы үшін тапсырыс берушілер техникалық ерекшелік және біліктілік талаптарын сапалы әзірлеуі қажеттігін қаперге салды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<