Жаңақорғанның «Қосүйеңкі» ауылында магнит адам тұрады. 66 жастағы Нәзірхан Өтепбергенов өмір бойы темір-терсектің ортасында жүрсе де үстіне темір жабысатынын жеті-сегіз жыл бұрын ғана білген. Онда да кездейсоқ.
– Үй ішімізбен теледидар көріп отырғанбыз. Телехабарлардың бірінде кейіпкер денесіне қасық, шанышқы, үтік, тағы басқа бұйымдарды жапсырып жатыр екен. Оны көрген немерем таңғалды. Жүгіріп барып асүйден қасық, шанышқы әкеп тұр. Өзіне байқап көрген, жабысқан жоқ. Қоярда-қоймай мені көндірді. Қызық болғанда, жалаңаш денеме магнитке жабысқандай тұра қалды. Өзім де аң-таңмын, – дейді Нәзірхан аға.
Ерекше құбылысты телефонның камерасымен суретке түсіртіп, туыстары мен достарына жіберіпті. Ол ауыздан ауызға тарап, құлағы түрік тілші қауымға жетеді. Содан бір күні аудандық газеттен журналист келіп, магнит адаммен әңгімелесіп, мақаласын жарқ еткізеді. Онысы әлеуметтік желіде де тарап кетеді. Кейін республикалық телеарнадан қонақ болуға ұсыныс жасаған. Әттең, жолы түспепті.
Ағамызды «темір-терсектің ортасында жүрген» дейтініміз, жастайынан көлік тізгінінде. Өмірлік қосағы Гүлзада екеуі 2 ұл, 4 қыз тәрбиелеп, өсірді. Балаларынан немере-шөбере сүйіп отыр. Зейнет жасынан асып кетсе де әлі күнге жұмыстан қол үзген жоқ. Қазір де көлік жүргізушісі.
– Мәшіненің асай-мүсейі, тіпті үтікке дейін төсіме, көкірегім, жауырыныма тұра қалады. Ұжымдастарым ең ауыр кілттерді қаз-қатар тізіп қойып, қызық көріп, видеоға түсіріп жатады. Сенбегендер соны көргеннен кейін сабасына түседі. Мұндай қасиет әзірге бес жастағы немеремнен ғана байқалды, – дейді магнит ағамыз.
Әдетте ерекше адамдардың бойына емшілік қонғанына куәміз. Ағамыздың жалаңаш денесіне темір-терсек жабысқанымен мұндай қасиет жоқ екен.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<