Майдангерді еске алу кеші өтті

979

0

Сенбі күні Қармақшы ауданы Тұрмағамбет ауылында майдангер ақын Нұрмағанбет Жаңаевты және оның баласы Нұри Нұрмағанбетұлын еске алу кеші өтті.

Еске алу кеші «Тағзым» алаңында майдангер ақын құрметіне гүл қою рәсімінен басталды.

Ауылдық клуб үйінде әкелі-балалы ақындар Нұрмағанбет және Нұри Жаңаевтардың өмірі мен шығармашылығына арналған «Тағдыры тасқа біткен қос ақын» атты кітаптың тұсаукесері, ақындар шығармашылығына арналған рухани кеш өтті.

Шараға ауданның ғылыми-шығармашылық зиялы қауым өкілдері, ауыл тұрғындары, Қармақшы ауданының əкімі Жандос Еркінбекұлы, ақын-жазушылар Алтай Үсенов, Нұртілеу Салықов, Үрліхан Өңдібаева, Зарипа Тасымова, Нұршат Наурызбаева, жыршы-термешілер Зəуре Кəрібаева, Амандық Бүрлібаев, Əйгерім Ешбаева, Əділхан Қуаңбаев жəне басқа тұлғалар қатысты. Алматы қаласынан келген филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ерхан Кəрібозов баяндама жасады.

Сонымен қатар, генерал Бағбан Тəйімбетов бастаған ақын ұрпақтары қатысты.

Айта кетейік, Нұрмағанбет Жаңаев 1912 жылы Тұрмағанбет ауылында туған. Сыр сүлейі, ақын Тұрмағамбет Ізтілеуұлынан дәріс алып, хат таныды.
Ол 1942 жылы 25 сәуірде Ұлы Отан соғысына аттанады. Украин майданында фашистік басқыншыларға қарсы соғысқан.
Ақынның майдан даласынан жазған әрбір хаты, өлеңдері ауылдастарына, замандастарына рух берді, жеңіске жігерлендірді. «Елге сәлем», «Туған ауылға хат», «Днепрден өтерде», «Бекіттік уәде ауылға бірге барарға», «Ауыл ақсақалдарына», «Өмір шам кездесерміз қалса сөнбей», «Көнбейміз гитлершілдер озбырына» атты өлең жырлары арқылы ауылдағы қарияларға демеу беріп, тылда еңбек еткен аналардың көңіліне үміт отын жақты, жүректеріне сенім ұялатты.

Нұрмағанбет Жаңаев 2-ші Украин майданы құрамында 1944 жылы Уман-Боташан операциясына қатысып, Украинаның оң жағалауын, Молдованың бір бөлігін жаудан азат етуге қатысты. Бұдан әрі Украин майданының әскерлері Венгрия астанасы Будапешті фашистерден азат етуге жөнелтілді. 1945 жылы ақпанда Будапешті азат етуде Нұрмағанбет Жанаев ерлікпен қаза тапты.

«Халық үшін қанға ризамыз», «Жеңіспен елге келеміз», «Кетпейді бірде неміс тірі еліне», «Жақында жауды жеңіп барамыз ел» деген қайсарлық пен батырлыққа толы өлең жолдарын жазған майдангер ақын ерлікпен көз жұмды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<