Майдангерді ғасырлық мерейтойымен құттықтады

181

0

Кеше қала әкімі Нұржан Ахатов Ұлы Отан соғысының ардагері Әбдірахман Бәйтіковті  100 жасқа толған мерекесімен құттықтады.

Ғасыр ғұмырдың иесіне сәлем бере барған қала әкімі Нұржан Ахатов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев және қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шәкизат Төребаев жауынгердің өнегелі өмір жолы кейінгі буынға үлгі екенін айтып, қазақы дәстүрмен иығына шапан жапты.

Қазыналы қарттарымыз қандай құрметке де лайық. Нұржан Сәбитұлы облыс әкімінің арнайы құттықтауын жеткізіп, 1 миллион теңгенің сертификатын табыстады. Қарт майдангер өз кезегінде сый-құрметке разылығын білдіріп, егемен елімізде бейбіт өмір, береке-бірлік  болсын деген ниетпен ақ батасын берді.

Майдангердің қызы Гүлсара Бәйтікова әкесінің бойындағы ерекше қасиеттеріне тоқталып, оның еңбекпен есейгенін айтты. Бала күнгі жылы естеліктерін бөлісті. 

Әбдірахман Бәйтіков 1924 жылы 27 қарашада Қызылорда қаласында дүниеге келген. 1930-1934 жылдары Өзбекстанның «Кооператор» колхозында жетіжылдық мектепте білім алды. 1942 жылы Қызылорда қаласындағы мұғалімдер техникумына түсіп, оқуы аяқталмастан әскер қатарына шақырылған.

Содан 1942 жылдың аяғында Түрікменстанның Ашхабад қаласында кіші командирлер дайындайтын курсқа жіберілді. Алайда соғыс жағдайы оқуын аяқтауға мұрша бермеді. Бар-жоғы 18 жастағы жігіт Курск, Орел қаласын азат етуге қатысты. Курск доғасындағы қиян-кескі ұрыста жаяу әскер қатарында болып, оқ пен оттың арасында ерен ерлік көрсетті. 1943 жылдың тамыз айының соңында ауыр жарақат алып, 1944 жылы 20 жасында ІІ топ мүгедегі болып елге оралды.

Соғыстағы ерлігі үшін Совет Одағының маршалы Г.Жуковтың ІІ дәрежелі және бірнеше мерекелік медальмен марапатталған. Соғыстан кейін «Комсомол» совхозында отыз жылдай қой фермасында, колхоз кеңсесінде есепші болып, зейнетке шықты.

Әбдірахман ақсақал марқұм жұбайы Кеңескүл Абуова екеуі 9 бала өсірді. Олардың жоғары білім алуына, бір-бір мамандық иесі атануына, өмірден өз жолдарын табуға үлкен еңбек сіңірді. Бүгінде қарт майдангер ұл-қыздарының арқасында бақуатты ғұмыр кешіп келеді.  Перзенттерінен 30 немере, 6 шөбере сүйіп,  үлкен шаңырақтың бақ айналып қонар қасиетті тұғыры, берекесі мен ұстыны, ақылгөйі мен тілеуқоры болып отыр.

 Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<