Майлы дақылдарға мән берілсе…

416

0

Кейінгі кезде Қазақстанда күнбағыс майы 20%-ке қымбаттады деген хабар мынадай ой келтірді.

Қазақстандағы су тапшылығы жыл сайын өсе бермек. Біз су мәселесіне келгенде Қытай, Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан және Өзбекстан елдеріне тәуелдіміз. Экологиялық апат болып жатқан Аралдың жағдайы белгілі. Теңізге құйылатын судың мөлшері жылдан-жылға азаюда. Қызылорда облысындағы күріш алқаптары тарылып барады. Оның өзі өңір экономикасына елеулі нұқсан келтіріп, халықтың тыныс-тіршілігіне өзгерістер енгізетіні даусыз.

Сырдарияның жоғарғы ағысында орналасқан Жаңақорған, Шиелі аудандарына күріш егу үшін су көтерілмейді. Жоғарыда орналасқан күріш алқаптарын ескі арналармен суғару мүмкін емес. Осыған орай Қызылорда облысында аграрлық стратегияны қайта қарау керек сияқты.

Алдымен өңірдің экономикасына тікелей әсер ететін күріш өсіруді біртіндеп басқа дақылдарға ауыстыра бастау керек. Күріш – техникалық дақыл. Ол өз сұрыпына байланысты 90 күннен 120 күнге дейін таза әрі ағын суда тұруы керек. Облыста күнбағыс, рапс, соя сияқты өсімдік майын өндіруге қатысты дақылдарды өсіріп, ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз етуге бағыттау керек.

Сыр бойында күнбағысты қалай егуді ешкімнен сұрап қажеті жоқ. Ресейде Еділдің орта бойында орналасқан Самара облысы рапс егумен және одан май өндірумен айналысады. Соя егуді біздің солтүстік және шығыс облыстар бірнеше жыл бұрын қолға алған. Осы аталған облыстармен тәжірибе алмасып, күнбағыс, рапс, соя егуді қолға алып, одан май өндіріп, өсімдік майының тапшылығын реттеу керек. Бұдан басқа осы дақылдарды тамшылатып суғаруға инвестициялар тартып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуімізге болады.

Бұл – кезең-кезеңмен жасалуға тиіс облыстың аграрлық стратегиясын қалыптастырудың бір ғана жолы деп санаймын.

Оңғарбай ДАНЕБЕКОВ,

Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<