Биыл облыс бойынша 188,1 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Негізгі дақыл күріштің көлемі – 83,6 мың гектар. Аудандарда егілген 6,8 мың гектар күздік бидайдан 9,4 мың тоннаның өнімі жиналды. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қайратбек Сәрсенбаев егін жинау науқанының қорытындысы мен қысқы мал азығын даярлау жөніндегі жұмыстарды тізбектеді.
«Биылғы орын алған су тапшылығына байланысты күріш дақылының көлемі өткен жылмен салыстырғанда 5,9 мың гектарға азайтылды. Ал көкеніс және бақша дақылдарының көлемі 9,8 мың гектарға дейін артып, егіс көлемі 3,9 мың гектарға көбейді. Жалпы ауыл шаруашылығы дақылдарынан жоғары өнім алу мақсатында 62,6 мың тонна минералдық тыңайтқыштар, 72,2 мың литр гербицидтер сатып алынды. Сонымен бірге, жаздық бидайдан 4,4 мың тонна өнім жиналды. Жалпы күзгі егін жинау науқаны оңтайлы мерзімде жүргізіліп, толық аяқталды», – деді Қайратбек Сәрсенбаев.
Аймақта мал шаруашылығы саласында оң динамика қалыптасып, мал басы тұрақты өсіп келеді. Сондай-ақ, төрт-түліктен өндірілген өнім көлемі де артуда. Жыл көлемінде облыс бойынша қысқа түсетін 534,7 мың шартты мал басына 769,9 мың тонна ірі азық дайындау жоспарланған болатын. Қазіргі таңда қажетті мал азығы 109,8 пайызды құрады.
«Мал басында өткен жылмен салыстырғанда біршама өсу байқалды. Атап айтсақ, мүйізді ірі қара – 8,2 пайызға, қой мен ешкі – 6,5 пайызға, жылқы – 14,2 пайызға, түйе – 8,1 пайызға көбейді. Тиісінше, ет өндірісі 2,4 пайыз, сүт өнімі 2,3, жұмыртқа 3,1 пайызға артты. Биыл Арал ауданында орын алған төтенше жағдайға байланысты қысқа түсетін төрт-түлікті мал азығымен қамтамасыз ету үшін аудандық штабтар құрылды. Облыс бойынша қуаңшылық зардабын жоюдың және қысқа түсетін ауыл шаруашлығы жануарларын жем-шөп қорымен қамтамасыз етудің арнайы жоспары бекітілді. Қысқа түсетін малдарға 213,6 мың тонна азық қажет болса соның 80,9 пайызы қамтылды. Жауапты министрлікке мал азығын дайындауға қосымша 3,8 мың тонна дизель отынына тапсырыс беріліп, аудандар бойынша шаруашылықтар бөлінісіндегі кестесі дайындалды. Бүгінде өңірге 3 443,5 тоннасы алынып, шаруашылықтарға 2 298 тоннасы жөнелтілді», – деді Қайратбек Әубәкірұлы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<