Мал ұрлығының жазасы қатаң

1274

0

Мал – ауыл халқының  күнкөрісі, нәпақасы, берекесі. Ежелден төрт түлігін түлетіп, содан ризығын айырып келе жатқан халқымыз үшін ақ адал еңбегі, маңдай терімен жинаған малының орны ерекше. Дегенмен біреудің адал еңбегімен жинаған малына көз тігіп, оңай олжаға кенелгісі келетіндер де жоқ емес.  Мал ұрлығының күннен-күнге өршіп, тыйылмай тұрғаны бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі десек қателеспейміз.

Осыған орай азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының, олардың меншік құқығының қорғалуын қамтамасыз ету үшін Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өзінің Қазақстан халқына кезекті Жолдауында мал ұрлығы үшін жазаны қатаңдату қажет екенін атап өткен болатын.

Осы негізде Президент «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойды. Аталған заңға сәйкес Қазақстан Республикасының  Қылмыстық кодексіне 188-1 «Мал ұрлығы» деген арнайы бап енгізілді.

Қылмыстық жауаптылық пен жазаны белгілейтін заңнаманың жаңа талабына сәйкес, мал ұрлығы  адамдар тобы емес, бір адам мал қораға немесе басқа да қоймаларға кірместен жәбірленушіге айтарлықтай залал келтірмей жасаған жағдайда сотталушының ауырлығы орташа қылмыс ретінде мүлкі тәркіленеді. Үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, сол мөлшерде түзеу жұмыстарына бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығын айыру  жазасы қарастырылған.

Егер мал ұрлығын адамдар тобы алдын ала сөз байласып жасаса немесе ірі мөлшерде жасалған мал ұрлығы ауыр қылмыс деп танылады. Ол үшін үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.

Мал ұрлығы бірнеше рет жасалса, сондай-ақ тұрғын үйдің мал қорасына, қашаға немесе өзге де қоймаларға кіру арқылы жасалған жағдайда да ол ауыр қылмыс деп танылады. Ол үшін бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.

Егер мал ұрлығын ұйымдасқан қылмыстық топ жасаса немесе аса ірі мөлшерде жасалса, жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы белгіленеді.

Мал ұрлығы үшін жазаның қатаңдатылғанына, ол жайлы ақпарат құралдарында жарыса жазып, түсіндірме жұмыстары жүргізілгеніне қарамастан, ауыл халқының ақ адал малын оңай жолмен иемденіп, жымқырғысы келетіндердің азаймауы көңілге қаяу салады.

Қылмыстық кодекске мал ұрлығы бойынша жауаптылық көзделген жаңа бап енгізілгелі Жаңақорған аудандық сотында Қылмыстық кодекстің 188-1 бабымен 2020 жылы 5 адамға қатысты 4 қылмыстық іс, былтыр 9 адамға қатысты 5 қылмыстық іс қаралған.

Оның ішінде 2020 жылы 2  қылмыстық іс бойынша мал ұрлығы орташа ауырлықтағы қылмыс ретінде сотталушылардың жәбірленушілермен татуласып, залалды өтеуіне байланысты тоқтатылса, былтыр орташа ауырлықтағы 1 адамға қатысты 1 қылмыстық іс осы негізде тоқтатылған.

Мал ұрлығына қатысты жаңа баппен 2020 жылы аудандық соттың үкімімен 3 адамға қатысты 2 қылмыстық іс бойынша сотталушыларға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалған.

Өткен жылы аталған баппен 8 адамға қатысты 4 қылмыстық іс бойынша үкім шығарылып,  8 сотталушыға  бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалған.

Мысалы,  Бесарық  ауылының тұрғыны сотталушы К. ауыл маңындағы жайылымдық жерде жәбірленуші М.-ның қойын бағып жүріп, отар ішінен әрқайсысының құны 15000 теңгені құрайтын 6 бас қозысын жымқырып, жәбірленушіге 90000 теңге мүліктік залал келтірген. Кодекстің 11-бабы 3-бөлігінің талабына сәйкес сотталушы К.-ның жасаған іс-әрекеті –  ауырлығы орташа қылмыс.

Ал 68-баптың 1-бөлігіне сай, ауырлығы орташа қылмыс жасаған адам жәбірленушімен татуласса, оның ішінде медиация тәртібімен татуласса және зиянды қалпына келтірсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуға жатады. Сондықтан, сотталушы мен жәбірленуші өзара медиация тәртібімен татуласып, оның залалды өтеуіне  байланысты сотталушы К. 68-баптың 1-бөлігі негізінде жауаптылықтан босатылып, қылмыстық іс тоқтатылды.

Сот үкімімен жаза тағайындалған іске тоқталсақ. Сотталушылар Қызылорда қаласының тұрғындары Н., Т., С. адамдар тобы алдын ала сөз байласып, 2020 жылдың тамыз айы мен желтоқсан айы аралығында бірнеше рет Жаңақорған ауданы Қожамберді ауылының жайылымдық жерлерінен, егістік алқабынан және «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» тас жолының Шиелі ауданы Бала би ауылы «Оқшы Ата» кесенесі тұсында жайылымдық жерде жайылып жүрген Жаңақорған, Шиелі аудандарының 12 тұрғынының жалпы  13 бас сиырын жымқырған. Қызылорда қаласына барып мал сою пункттеріне өткізіп немесе базарға сатып,  түскен ақшаны бас пайдаларына жаратқан.

Сот талқылауында сотталушылар жәбірленушілерге келтірілген шығынды толық өтеп, жасаған әрекеттеріне өкінетінін білдірген. Алайда сот олардың жасаған қылмысының қоғамға қауіптілігін ескеріп,  ҚК-нің 188-1 бабы 3-бөлігінің 1) тармағымен кінәлі деп танып, бес жыл  алты ай мерзімге бас бостандығынан айыруға, жазасын қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтеуге үкім етті. 

Қылмыстық кодекстің талабына сәйкес жаза әлеуметтiк әдiлеттiлiктi қалпына келтiру, сондай-ақ сотталған адамды түзеу және сотталған адамның да, басқа адамдардың да жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу үшін қолданылады. Жаза тән азабын шектiрудi немесе адамның қадiр-қасиетiн қорлауды мақсат етпейдi.

Аудандық сот ауылдық округ әкімдеріне мал ұрлығына жазаның қатаңдатылғаны жайлы, қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында түсіндірме жұмыстарын жүргізу үшін жекеше қаулылар қабылдаған.

Аудан тұрғындарының тірлігі   мал  шаруашылығымен тікелей байланысты. Дегенмен кейінгі уақытта мал ұрлығының белең алуы адал еңбекпен күн кешіп отырған халықтың көңіліне қаяу салуда. Жылдар бойы тірнектеп жиған малын оңай әрі мол олжаға батуды ойлаған ұрылардың   меншігіне беріп қою кімге де оңай тимесі анық.

Алайда мал иелері де ұрлықтың алдын алу үшін қырағы болып, малының жайылымда иесіз ұзақ жайылуына жол бермеуі керек. Уақытылы қадағалап, қарау үшін бақташымен келісіп,  бағуды жолға қойса, олардың ұры көзіне түсіп, оңай олжаға  кенелуіне жол бермес еді.  

Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен мал ұрлығын жасаған адамдарға қатысты жазаны қатаңдату аталған санаттағы қылмыс санының азайып, атакәсіппен айналысатын ауыл тұрғындарының одан әрі шаруасын дөңгелентіп, меншік құқығының қорғалуына заңмен кепілдік береді  

Әлия ТҮБЕКБАЕВА,

Жаңақорған аудандық сотының төрағасы