Адамды адам ететін оның еңбегі дейді қазақ. Жастайынан еңбекке араласып, бүгінде өз кәсібін адал атқарып, жұмысының білгір маманы болған әр азамат – нағыз еңбек адамы. Осы орайда, төрт түлікті түлетуге атсалысып, олардың індет жұқтырмауы үшін барын салатын ветеринария саласының мамандарының да еңбегі орасан. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында сала мамандары өз жұмыстарының қызығы мен қиындығы жайында сөз қозғады.
– Ветеринария – қызығы мен қиындығы қатар жүретін, аса жауапкершілікті қажет ететін ауқымды сала. Өзім ауылдың баласы болғаннан кейін маған төрт түлік бөтен емес. Бала кезден аттың құлағында ойнап, қой бағып өскендіктен, мамандық таңдар тұста отбасыммен ақылдасып мал дәрігері болсам деген ойға келдім. Сол кезде өз мамандығымды қателеспей таңдап, дұрыс қадам жасағаныма бүгінде дән ризамын. Мен өз еңбек өтілімді ветеринар-фельдшер болып бастадым. Міне, қажырлы еңбек еткеннің арқасында қазіргі таңда қалалық ветеринариялық станция басшысының орынбасарымын. Аянбай еңбек еткен адам ешқашан жерде қалмайды. Жалпы, бұл мамандықты таңдаймын деген жастарға үлкен төзімділік пен батылдық керек. Сонымен қатар, оларда жан-жануарға деген сүйіспеншілік, жанашырлық сезімі болуы керек. Бұрындары бұл мамандыққа қызығушылық аз еді, ал қазір керісінше ветеринария саласына қызығар жастар көбейіп келеді, – деді Қызылорда қалалық ветеринариялық станция басшысының орынбасары Қайрат Әбдімәліков.
– Мен Қызылорда қалалық ветеринариялық станциясына қарасты Қосшыңырау ауылдық округінің ветеринариялық пунктінің меңгерушісімін. Қазіргі уақытта біздің ауылда 5 579 мүйізді ірі қара, 5 205 бас ұсақ мал, 3 572 бас жылқы мен 325 түйе малы тіркелген. Бүгінде біз адамдар мен жануарларға ортақ аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу үшін екпе егу жұмыстарын ұдайы жүргізудеміз. Сондай-ақ, бруцеллез ауруын анықтау және алдын алу мақсатында қан алу жұмыстары да жүргізілуде. Негізінде, мал асыраймын, мал шаруашылығымен айналысамын деген азаматтарға мемлекет тарапынан көптеген қолдаулар көрсетіліп жатыр. Сәйкесінше, оларға субсидия, жеңілдетілген несие берген сайын облыстағы төрт-түліктің саны да еселеп артуда. Шын мәнінде, мал дәрігерінің жұмысы қиын, өйткені көзге көрінбейтін тұстары көп. Алайда, ауырған малды емдеп жазып, халыққа көмегіміз тиген сәтте бойымызды мақтаныш сезімі билеп, мамандығымызға құрметіміз арта түседі, – деді Қосшыңырау ауылдық округінің ветеринариялық пунктінің меңгерушісі Алтынбек Абдраманов.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<