Мамыр мерекелерінің маңызы зор

764

0

Биыл Сыр өңірінде Қазақстан халқының бірлігі мерекесі, Отан қорғаушылар және Жеңіс күні қарсаңында көптеген іс-шара өткізілмек. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов айтты.

– 2023 жыл маңызды оқиғалар мен мерекелік іс-шараларға толы. Соның бірсыпырасы мамыр айында өтпек. Атап айтсақ, Қазақстан халқының бірлігі мерекесіне орай, оның жалпыхалықтық сипатын ескере отырып, өңірде қоғамдық-бұқаралық, мәдени-көпшілік, спорттық, ағартушылық және ғылыми-танымдық 40-тан астам шара өтеді. Мереке 24 сәуірден 3 мамырға дейін жалғаспақ. Негізгі мәдени-көпшілік шара 1 мамырда «Сыр ана» монументі алаңында «Татулығы жарасқан  берекелі Қазақстан» тақырыбымен өтеді. Онда шатырлар тігіліп, қолөнер туындыларының, ұлттық тағамдардың көрмесі ұйымдастырылады. Гүлдер фестивалі болады. Мереке театрландырылған қойылыммен басталып, жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен жалғасады, – деді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, мереке қарсаңында мәдени-танымдық кештермен қатар, облыстық ассамблея жастарының Этно fest фестивалі және «Бірлік – бітімгерліктің бастауы» атты интеллектуалды сайысы болады. Бұдан бөлек, халықтық серуендер, «Таза аула» сайысы, қайырымдылық шаралар мен волонтерлік көмек ұйымдастырылады.

Ал Жеңіс мерекесінің шаралары 3-10 мамыр аралығында өтеді. Жоспарға 60-тан астам іс-шара енген.

– Биыл Жеңіс туының желбірегеніне – 78 жыл. Отан қорғаушылар күніне арналған мерекелік шаралар қала мен аудандарда 5 мамырда, Жеңіс күні мерекесі 9 мамырда «Тағзым алаңында» өтеді. Қазақстандық батырлар туралы барлық ақпарат жинақталған арнайы платформада онлайн форматта «Ер есімі – ел есінде» патриоттық шеруі де қамтылады. Айта кетейін, өткен жылдан бастап еліміздің Мемлекеттік туы түстес «Жеңіс лентасын» мереке күндері жаппай тағу бастамасы қоғамдық қолдауға ие болды. Осы ретте, 40 мыңнан аса «Жеңіс лентасы» Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күнін мерекелеудің бірыңғай атрибуты ретінде халық арасында таратылатын болады, – деді басқарма басшысы.

Бұдан бөлек, 2-15 мамыр аралығында барлық медицина ұйымдарында соғыс ардагерлері мен оларға теңестірілгендерге кешенді әлеуметтік-медициналық тексерулер, білім беру ұйымдарында әскери қызметшілерді, ардагерлерді қатыстыра отырып «Ерлік сабақтары» ұйымдастырылады. Сондай-ақ, облыс музейлері мен кітапханаларда ашық есік күндері мен көрмелер, спорттық сайыстар мен эстафеталар, танымдық шаралар мен кештер өткізілмек.

Ал 3 мамыр күні облыстық «Айбын-2023» әскери-патриоттық жастар жиыны өткізіледі. Іс-шараға Қызылорда, Байқоңыр қалалары мен аудандардан жасақталған 10 команда, 200-ге жуық адам қатысады.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<