«Манас» театры Сыр елінде

3271

0

А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы облыстық филиалының ұйымдастыруымен қазақ-қырғыз айтыс өнеріне еңбегі сіңген өнерпаз, Қырғызстанның халық ақыны Элмирбек Иманалиевті еске алуға арналған «Егіз елдің Элмирбегі» атты кеш өтті.

Қырғыз өнерпаздары алдымен Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрының шығармашылық құрамымен және Жастар ресурстық орталығында жастармен кездесті.

Алатаудың күнгейі мен теріскейін мекен еткен бауырлас елдің достығы мен дәстүр сабақтастығы тарихтан тін тарқатады. Ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні біздің рухани мәдениетіміздің алтын арқауы іспетті. Біз жаңғыру жолында өткенді өнеге етіп, өзімізге тән бекзат болмысымыздағы өнер құндылықтарын қастер тұтып келеміз. Сол арқылы өнер өрісі кеңейіп отыр.

Кеште «Манас» жырын айтудан Гиннестің рекордтар кітабына енген Рысбай Исақовтың сөз саптауы, жыр орындауы сырбойылық қауымға айрықша әсер қалдырды. Ал айтыста өз орнын қалыптастырған Амантай Құтманалиев құнарлы жырымен көпшілік құрметіне бөленді. Айтыскер ақын Азамат Болғанбаев та өз өнерін паш етті.

Ықылым заманнан қырғыздың әуезді әндері тыңдаушы талғамына жауап бере алатын өміршеңдігімен өзгеше емес пе? Көршілес елдің өнерпаздары осылайша талғамы биік тыңдаушы қауымға ғажайып өнер кешін тарту етті. Тағылымды шарада ән де айтылды, жыр да жырланды, «Манас» жырынан үзінді де орындалды.

Екі елдің достығы мен өнерінің туын көтерген мәдени кешке қызылордалықтар көптеп жиналды. Өз кезегінде «Манас» ұлттық театрының директоры Әзиз Бимырзаұлы барша Сыр жұртшылығына алғысын білдірді. Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрының директоры Мұхтар Ниязов қорытынды сөз сөйлеп, облыстық мәдениет басқармасының алғыс хатымен марапаттады.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<