Маңдайы терлемегеннің қазаны қайнамайды

919

0

Жалағаш ауданында 3300-ден астам кәсіпкерлік субъекті тіркелген. Салада жыл басынан бері 1 млрд 494,2 млн теңгені құрайтын 76 жоба қаржыландырылып, 110 адам жұмыспен қамтылған. Биыл мамыр айында ұзақ жылдар бойы тоқтап тұрған «БИС-Групп» ЖШС-ның қызыл мия тамырын өңдеу зауыты қайта іске қосылып, 31 адам жұмысқа тұрыпты. Ал жеке кәсіп ашып, өз-өзін жұмыспен қамтығандар Жалағашта жетерлік.

Аудан орталығында тұратын Жылбек Қуаныш шағын цех ашып, кәсібін дөңгелентіп отыр. Мемлекеттік бағдарламаларға өз жобасымен қатысып, қайтарымсыз қаржы ұтқан ол өз үйінен түрлі бұйым істеп, халық сұранысын қанағаттандырып келеді.

– Арнайы лазерлік күйдіру аппараты арқылы жұқа ағаштан түрлі формадағы бұйымдар істейміз. Ою-өрнек салу үшін компьютерлік дизайнды пайдаланамын. 2021 жылы осы жобамен қайтарымсыз грант ұттық. Қазір аудан халқының көбіне-көп сұранысы – кішкентай сандықшадағы тойтабақтар мен ағашқа ойып жазылған ата-тек шежіресі. Мысалы, бір күннің ішінде 400 данаға дейін тойтабақ сандықшасын істеуге болады. Кілтке тағатын брелок, балаларға арналған ағаш машиналар, майда тиын жинайтын қобдиша, тағы басқа керектілерді тапсырыспен істеп береміз, – дейді Жылбек.

Оның айтуынша, мектептегі сынып ішіне немесе пәнге қажетті көрнекіліктерге де тапсырыс түседі. Мысалы, Жылбектің арнайы кәсіп үшін алған лазерлік станогі арқылы ағаштан география пәніне арналған әлем немесе Қазақстан картасын ойып жасауға болады екен. Математика пәніне сызғыш түрлері, бастауыш не жоғары сыныптарға қажетті домбыра, бесік және облыстағы тарихи ескерткіштердің кіші формадағы үлгілерін де оның шағын цехынан табасыз.

Ал Жылбектің анасы Майрамгүл Раманқұлова көне мақтаны қайта түтіп, көрпе көктейді. Мемлекеттік грант ұтып, кейіннен «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы арқылы несие алып, қажетті құралдарын, тігін машиналарын түгелдеген. Қыз жасауына қажеттісінен бөлек, қонаққа төсейтін көрпеше түрлерін, құс жастықтар дайындайды. Жалпы бұл отбасы «маңдайы терлемегеннің қазаны қайнамайды» дейтін ұстанымда. Бұның барлығы «өз кәсібімді ашып, өзгеге масыл болмайын» деген ниеттен туған.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

 Жалағаш ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<