Маңызды мәселелер әрдайым  назарда

52

0

Жуырда қалалық қоғамдық кеңестің кезектен тыс отырысы өтті. Оған қала әкімі аппаратының басшысы, дербес бөлімдер басшылары, «Автобус паркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сала мамандары және бұқаралық ақпарат құралдарының  өкілдері қатысты.

Күн тәртібінде қалалық бюджетке өзгерістер енгізу, қалалық бюджет, субсидиялауға жататын әлеуметтік маңызы бар қатынастарының тізбесін айқындау, тұрмыстық қалдықтарды басқару бағдарламасын бекіту мәселелері қаралды.

Алдымен қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Г.Баймаханова сөз алып, 2024-2026 жылдарға арналған қалалық бюджетке өзгерістер енгізу туралы қалалық мәслихаттың шешіміне тоқталды.

Сондай-ақ қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы М.Әбсұлтанов күн тәртібіндегі мәселелерге тоқталды.

–    Бүгінде Қызылорда қаласында коммуналдық қалдықтардың түзілу және жинақталу нормасы бойынша жылына бір адамға шаққанда орташа есеппен 2,335 текше метр қатты тұрмыстық қалдық деп есептесек, онда қалада есептік әдіс бойынша жылына 838498,5 текше метр, яғни 209625 тонна қалдық түзіледі.

Кейінгі үш жылда сұрыптау және қайта өңдеу үлесі азайып келеді. Сәйкесінше пайда болған коммуналдық қалдықтар бірнеше есе өсті, ал сұрыптау желісінің қуаты артқан жоқ. Сонымен қатар ауыр қалдықтар салдарынан жөндеу жұмыстары жиі тоқтап қалды. Ұйымдардың халықтан сатып алатын қаптама қалдықтары шамамен бір деңгейде қалды. Бұл сұрыптау мен қайта өңдеу үлесінің төмендеуіне әкелді, – деді бөлім басшысы.

Отырыста ауылдардағы білім мекемелерінің жылу жүйесін табиғи газға қосу, тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау мәдениетін БАҚ арқылы халыққа кеңінен түсіндіру, Жанқожа батыр көшесі арқылы өтетін теміржол өткелінің сапалы салынуын бақылау, сұрыпталған тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдейтін өндіріс орындарын ашу, Тасбөгет кентіндегі кәріз су қалдықтарынан пайда болған көлшіктер мәселесін шешу, қала ішінде елеусіз қалып қойған қысқа және тұйық көшелерді жөндеу, жарықтандыру, қатты қалдық қабылдайтын полигон аумақтарын күтіп ұстау, қалдықтарды өртеуге жол бермеу, кеңейтіліп жатқан Тәуелсіздік көшесіндегі бағдаршамдарды ретке келтіру туралы  ұсыныс айтылды.

Жиын соңында баяндамашылар қоғамдық кеңес мүшелері қойған сауалдарға жауап берді. 

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<