Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатовтың төрағалығымен аппарат мәжілісі өтті. Онда жылу беру маусымына дайындық және салық базасын ұлғайту мәселелері талқыланды.
Алдымен шаһар басшысы жақында тағайындалған Қызылорда қалалық полиция басқармасының бастығы Дәулет Беркімбаевты қала активіне таныстырып, қызметіне сәттілік тіледі.
Келесі кезекте қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мұрат Әбсұлтанов жылу беру маусымына дайындық барысын баяндады. Оның айтуынша, қаладағы көпқабатты 1200 тұрғын үйдің 808-і орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Қалғаны автономды модульді бу қазандықтары арқылы жылытылады. Жылу беру орталықтарына қажетті резервтік мазут отыны дайын, ал «көгілдір отын» желісіне қосылмаған жеке секторлар мен ауылдарды қамтуға 85000 тонна қатты отын қоры алынуда.
Қазіргі таңда мамандар барлық жүйелерді жіті тексеруден өткізіп, кемшіліктер бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Әлеуметтік нысандар дайындығы күнделікті пысықталуда. Жалпы, биылғы жылы жылумен қамту нысандарына облыс әкімінің қолдауымен 11,7 млрд теңге бөлініп, 9 жоба бойынша қайта жаңғырту қарқын алды.
– Біз жылу беру маусымына дайындықты осы кезден бастауымыз қажет. «Қыстың қамын жазда ойла» демекші, жылу беру маусымы қарсаңында тұрғындарды бұл мәселе толғандырмауы тиіс. Сондай-ақ барлық жұмыстың сапалы әрі уақытылы аяқталуы маңызды. Жылдағы кемшіліктердің қайталанбауын жауапты сала басшыларына қатаң тапсырамын. Бұған барлық резервті жұмылдырыңыздар, – деді Нұржан Сәбитұлы.
Жиында көтерілген екінші мәселе – салық базасын арттыру. Бұл бағытта да қалада ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бүгінде жергілікті бюджетке 39,1 млн теңге салық түскен. Жоспар бойынша жыл соңына дейін шамамен 196,3 млн теңге түсім жасалмақ. Бұл көлем көрші өңірлерден Қызылорда қаласына кәсіпкер ретінде тіркеліп, қызметін бастаған кәсіпкерлердің есебінен еселенеді.
Дегенмен, облыс орталығында салық органына кәсіпкер ретінде тіркелмей, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып жүрген жеке тұлғалар да анықталуда. Оларға түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, есепке алынуда.
– Қаламыздағы ірі мұнай компанияларына қызмет көрсетуші кәсіпкерлердің басым бөлігі өзге өңірлерде тіркелген. Оларды жергілікті бюджетке салық төлеуші ретінде тіркету үшін тиісті жұмыстарды жүргізетін уақыт келді деп санаймын,− деді шаһар басшысы.
Жиын соңында көтерілген мәселелерден туындайтын өзге де тақырыптар бойынша талқылаулар өтіп, жауапты сала басшыларына бірқатар тапсырма жүктелді.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<