«Мансап» орталығының жұмысы жүйелі

749

0

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Облыста “Еңбек мобильділігі” орталығының филиалдары “Мансап орталығы” атауымен өз жұмыстарын бастағанына көп уақыт болмаса да онда жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Аталмыш орталық облыс тұрғындарына атаулы әлеуметтік көмек бағытында қызмет көрсетіп, жұмыспен қамтуға жәрдемдеседі. Бұдан бөлек, қазіргі таңда “Мансап” орталығының 6 бөлімі халыққа үздіксіз қызмет етуде. Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен көшпелі брифингте БАҚ өкілдері “Мансап” орталығының жұмысымен жақынырақ танысты.

– Өткен жылдың 1 шілдесінен бастап ҚР Әлеуметтік кодексі өз күшіне енген болатын. Кодекстің енгізілуі негізінде облыс әкімінің қаулысымен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Еңбек мобильділігі» орталығы құрылды. Бұл орталықтың филиалдары “Мансап орталығы” деген атаумен өткен жылдың 1 шілдесінде өз жұмысын бастады. Бүгінде «Еңбек мобильділігі» орталығында 28 адам, ал, “Мансап орталығы” филиалдарында 187 адам қызмет атқарады. “Еңбек мобильділігі орталығы” мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру бағытында жұмыс берушілермен өзара байланыс жасайды. Сондай-ақ, атаулы әлеуметтік көмек алатын адамдардың жұмыспен қамтылуына жәрдемдесіп, белсенді шараларын жүзеге асырады. Былтыр орталық арқылы 16 мыңнан астам адам субсидияланатын жұмыс орындарына орналасса, әлеуметтік осал топтағы 1 529 адамға мемлекеттік қайтарымсыз грант берілді. Осының нәтижесінде олар өз кәсібін ашты. Ал, осы жылы 14 765 азамат бос жұмыс орындарына, 13 383 адам субсидияланатын жұмыс орындарына орналасады деп күтілуде. Сонымен қатар, 1 556 адамға мемлекеттік қайтарымсыз грант беру жоспарда бар, – деді Қызылорда облысы бойынша “Еңбек мобильділігі орталығы” КММ-нің директоры Шаризат Алмашева.

– “Мансап” орталығы айына бір рет “бос жұмыс орындары” жәрмеңкесін ұйымдастырып тұрады. Өткен жылы 5 478 қызылордалық “Мансап” орталығы арқылы тұрақты жұмысқа орналасқан болатын. Ал “Ұлттық жоба” шеңберінде 93 жоба бойынша 1 620 адам екі қолға бір күрек тауып, жұмыспен қамтылды. Әлеуметтік осал топтарға жататын 500-ге жуық адамға өз кәсібін ашу мақсатында мемлекеттік грант беріледі. Биыл да 97 жобаны жүзеге асырып, 1255 адам жұмысқа орналасады деп күтілуде, – деді Қызылорда қаласы “Мансап” орталығы филиалының директоры Жақсылық Төлегенов.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<