Мақсары майына сұраныс мол

2139

0

Қызылордада «Көктөбе» атауымен жергілікті жерде өндірілген мақсары майы сатылуда. «AB INVEST GROUP» ЖШС шығаратын өнім бұған дейін тек Қытайға экспортталып келген. Ал, биылдан бастап өнімді жергілікті тұрғындар да сатып ала алады.

2015 жылы ашылған кәсіпорын жергілікті шикізатпен жұмыс істейді. Қажетті мақсарыны өсірумен «Таң ЛТД», «Егінші», «РЗА Агро», басқа да бірнеше жауапкершілігі шектеулі серіктестік айналысады. «AB INVEST GROUP» 2018 жылы алғаш рет өнімін экспортқа шығарып, Қытайға 100 тоннадан астам май жөнелтті. Бірнеше жылдан бері экспорттық тауар айналымы артып, қазір серіктестік Қытайдың ірі азық-түлік корпорациясымен ұзақ мерзімді келісім-шарт бойынша жұмыс істеуде.

Мақсары майы суық сығымдау әдісі арқылы өндіріледі. Толық тазартылмай, тек сүзгіден өткізілгендіктен бойындағы барлық пайдалы қасиеттерін сақтап қалады. Мақсары тұқымы май шығарар алдында мұқият тазартылады. 100% табиғи өнімнің жоғары сапасына Ресейден сатып алынған соңғы жоғары технологиялық жабдықтардың арқасында қол жеткізілген.

Мақсары майын тұтыну жасартатын, холеретикалық және диуретикалық әсер береді, артық салмақпен күресуге көмектеседі. Сондай-ақ, атеросклерозға қарсы күшті профилактикалық құрал. Мақсары майының қолдану аясы өте кең. Мысалы, қытайлық косметиканың көпшілігі осы майдан жасалған. Буындарды емдеу үшін де қолданылады. Өндірушінің айтуынша, май бағасы айтарлықтай жоғары – литрі мың теңгеден асады. Бірақ экологиялық тазалығы, пайдалы қасиеттері мен тамаша дәмі өнімнің құнын ақтайды.

«AB INVEST GROUP» ЖШС өндіретін мақсары майы «Қазақстанның үздік тауары-2018» облыстық байқауында сәтті дебют жасап, «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясында жеңімпаз атанған. Сонымен қатар, «Сауда үздігі-2018» республикалық байқауында «Үздік көтерме және өндірістік кәсіпорын» номинациясында бірінші орынды иеленді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<