Мақсатсыз жұмсалған қаржы қатаң сұралады

575

0

 Облыста жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант беру конкурсының қорытындысы шықты. Биыл 26 адам қайтарымсыз қаражатқа ие болды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Мұса Қалдарбеков мәлімдеді.

Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жастардың жаңа бизнес-идеяларын іске асыруға мемлекет тарапынан жыл сайын грант бөлінеді. Қайтарымсыз қаржы алғанды кім теріс көрсін, үміткерлер дереу жоба жасайды. Грант негізінде өз кәсібін бастағысы келетін талапкерлер қатары биыл да қалың болыпты.

Конкурстың іріктеу кезеңі 31 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында өткен. Аудан кәсіпкерлері өз жобаларын онлайн, ал қалалықтар оффлайн форматта таныстырған. Комиссия төрағасының айтуынша, конкурсқа барлығы 673 адам өтініш берген. Ал бөлінген қаржының көлемі – 120 млн теңге. Айта кетейік, оның 70 млн теңгесі кәсіпкерлік қызметіне 3 жыл толмаған 29 жасқа дейінгі жастардың жаңашыл бизнес-идеяларына бағытталады. 

– Аймағымызда кәсіпкерлік саласын қолдауға бағытталған шараларды іске асыру жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Оның ішінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 5 млн теңгеге дейін грант бөлінді. Бұл қайтарымсыз қаражат мемлекеттік гранттар беру қағидасына сәйкес кәсіпкерлерге конкурстық іріктеу негізінде ұсынылады, – деді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Мұса Қалдарбеков.

Конкурстың нәтижесінде жалпы 92 млн 667 мың теңгеге 26 жобаны қаржыландыру мақұлданыпты. Оның ішінде жас кәсіпкерлердің 11 жобасына 45 млн 667 мың теңге қаржы табысталатын болады. Айта кетейік, қолдау алған кәсіпкерлердің ішіндегі әлеуметтік осал топтағы азаматтардың үлесі – 42,3 пайызды құрады. Яғни, 11 жобаға 29,6 млн теңге берілетін болады. Алдағы уақытта бұл кәсіпкерлермен қағида талаптарына сәйкес басқарма және «Даму» қоры арасында үшжақты келісім-шарт жасалып, қаражат кәсіпкердің есепшотына аударылады.

– Кәсіпкерлер тапсырған жобалардың басым бөлігі бір-біріне өте ұқсас, облыста бұрын іске асырылған жобаларды қайталау. Биылғы конкурсқа кондитер өнімін өндіру, тігін цехы, наубайхана және көлік жуу орталығын ашу секілді жобалар көп ұсынылды. Бұған қоса, конкурсқа денсаулық саласы бойынша клиникалар мен сауықтыру орталықтарын ашқысы келетін 49 жоба түсті. Бұл шағын кәсіп түрлері облыста жақсы жолға қойылған. Сондай-ақ, қайтарымсыз қаражаттың талаптары, оның сұранысы жылдан-жылға күшейтіліп келеді. Кәсіп бастаушы азаматтарға айтарым, нарықты толық зерттеп, кәсіпті дұрыс таңдауы, жоспарды дұрыс құруы, содан кейін барып қаржыландыру тетіктерін іздеу қажет, – деді «Dalatex» ЖШС-нің директоры, комиссия төрағасы Ділмұхамед Абызов.

Брифингте жылыжайда цитрусты өсімдіктер өсіру жобасы бойынша жеңімпаз атанған Жансая Мирамбекқызы өз қуанышын жеткізді. Жас кәсіпкер бірнеше ғылыми жобаның авторы, бұған қоса лимон, анар секілді цитрусты жемістер өсіру ісін патенттеген маман екен. Өзі қайтарымсыз грантты алғаш рет жеңіп алыпты. 

Келесі жеңімпаз «Киізден заманауи үлгіде бұйымдар шығару» жобасының иесі – Бақжан Шайхыслам.  Жамбыл облысынан меринос қойының жүнін алдырып, сіңілісі екеуі киіз басып, онан түрлі бұйым тігеді. Ол кәсіпкер ретінде тіркеліп, өнімдерін әлеуметтік желі арқылы сату ісін де жолға қойыпты. Тың жобаларымен конкурста жеңімпаз болып танылған жастардың ісіне сүйсіне қарадық.  

Қаражатты алғанмен жауапкершілікті сезінбейтіндер де жоқ емес екен. Басқарма басшысының айтуынша, былтыр грант алған 18 кәсіпкер жобаны толығымен іске қоспай, қаржыны басқа мақсатқа жұмсап жіберген. Ешқандай жұмыс орны ашылмаған. Енді мақсатсыз жұмсалған 45 млн теңге сот шешімімен бюжетке кері қайтарылады. Бұған қоса, бұрын қолданыста болған құрал-жабдық сатып алғандар да кездескен. Олармен жасалған келісім-шарт бұзылады. Айта кетейік, мемлекет қаржысы қайтарымсыз болғандықтан, кәсіпкер 18 ай бойы тексеріледі.

Сондықтан жобаны қорғап, «қаражат алдым, іс бітті» деп ойлайтындар оңбай қателеседі. Өйткені, грант қаражатының мақсатты жұмсалуына, жобаның толығымен іске қосылуына «Даму» қорымен бірге басқарма мамандары мониторинг жұмыстарын жүргізеді.

Дәуіржан ЕЛУБАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<