Президент Жолдауында білім саласы қызметкерлеріне ауқымды міндеттер жүктеліп, нақты тапсырма берілгені баршамызға белгілі.Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігі «Баршаға қолжетімді сапалы білім» ұлттық жобасын әзірледі.
Әлемдік білім кеңістігіндегі оқушыларымыздың жетістіктері, білім сапасындағы көрсеткіштердің тұрақтылығын сақтау мақсатында биыл елімізде «Мақсатты мектеп» немесе «Еліміздегі 943 нысаналы мектеп» жобасы іске асырылуда.
Педагогтер қауымына қолдау көрсету үшін әдістемелік қызметті жаңғырту және жүйелеу қажеттігі туындады. Осыған байланысты әдіскерлердің кәсіби құзыретін, әлеуетін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл бағытта «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы облыс бойынша кәсіби даму институты да тиімді жұмыс атқаруда. «Мақсатты мектеп» жобасын жүзеге асыру үшін педагог-директор-әдіскер-менторлар, «Өрлеу» филиалы, жобалық кеңсе, жергілікті атқарушы органдар мен білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті қызметкерлері өзара тиімді әрекеттесіп, өңірдегі нысаналы мектептерде білім беру мен оқыту, бағалау сапасын жақсартуға жан-жақты қолдау білдіру мақсатында біршама жұмыс атқарып келеді.
«Барлығына қолжетімді сапалы білім» Ұлттық баяндамасы шеңберіндегі жоба аясында мектептердің жеке портреті жасалды. Онда оқушылардың білім сапасы, ҰБТ-дағы нәтижелері, педагогтердің мемлекеттік аттестаттау кезіндегі нәтижелері, олқылықтары, жалпы үлгерім сапасын арттыру жұмыстары қамтылды. №3 ІТ мектеп-лицейде әдістемелік, І.Қабылов атындағы №12 ІТ мектеп-лицейде «Химия-биологиялық талдау зертханасы» пилоттық жобасы, Ы.Алтынсарин атындағы №10 мектеп-лицейінде жаратылыстану бағыты бойынша пәндердің оқытылуы, Ә.Молдағұлова атындағы №173 мектепте «Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында функционалдық сауаттылықтың тиімді әдіс-тәсілдері» тақырыбында семинар өтті. Семинарға мектебімізден қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ұ.Жорабекова «Оқушыларды оқу сауаттылығына дайындаудың тиімді әдіс-тәсілдері» деген тақырыпта шеберлік сынып көрсетіп, өз іс тәжірибесін бөлісті.
«Мақсатты мектеп» жобасы аясында Н.Ахмадеева атындағы №112 орта мектепте директордың ғылыми-әдістемелік жұмыстары жөніндегі орынбасарының жетекшілігімен атқарылған жұмыстар аз емес. Тамыз айынан жұмыс жоспары жасалып, 51 мұғалім кәсіби біліктілік арттыру, әдістемелік қолдау көрсету мақсатында, курстан кейінгі қолдау шаралары ұйымдастырылды. Тамыз-қазан айларында негізгі курсты аяқтап, мектеп мұғалімдері сертификат алды. Жоспарланған іс-шаралар кезең-кезеңімен жүргізілді.
№112 орта мектебі және қалалық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің ұйымдастыруымен «Оқылым дағдысын дамыту арқылы тіл пәндеріндегі функционалдық сауаттылықты арттыру» тақырыбында орыс тілі мен әдебиеті және ағылшын тілі пән мұғалімдерінің ашық есік күні өткізілді. Мақсаты – оқушылардың оқылым дағдыларын дамыту, оқылым мәтіні бойынша ойын еркін жеткізе білуге қалыптастыру, оқу сауаттылығын жетілдіруде әдіс-тәсілдерді ұтымды пайдалану. Семинарға «Мақсатты мектеп» жобасына енген қаланың 12 мектебінің орыс тілі мен ағылшын тілі пәні мұғалімдері өзара білім алмасу нәтижесінде тәжірибе бөлісіп, ашық сабақтар өткізді. Қалалық әдістемелік кабинет жетекшісі Ғ.Ибрагимова мақсат-міндеттерін таныстырды. Сонымен бірге «Өрлеу» БАҰО, ПШО мамандары да қатысып, өз пікірлерін бөлісті, ашық сабақ берген ұстаздарды Алғыс хатпен марапаттады. Наурыз айының каникул күндерінде «Инновациялық әдіс-тәсілдер мен жаңа технологиялар аркылы физика, математика және информатика пәндерін оқыту» тақырыбында мектепішілік ашық есік күні өтті. Онда физика, математика және информатика пәндері мұғалімдері тәжірибе алмасып, жаңа оқу әдістерін, құралдар мен технологияларды қолданудың тиімді жолдарын көрсетті. Жас мамандар арасында «Педагогикалық идеялар» фестивалі де ұйымдастырылды. Фестиваль өзінің зияткерлік еңбегінің нәтижесін көрсеткісі келетін және кәсіби қауымдастықтың ішінде үздік педагогикалық тәжірибесімен бөліскісі келетін белсенді, шығармашыл педагогтерге бағытталған. Мақсаты – педагогтердің шығармашылық өзін-өзі жүзеге асыруын және кәсіби өсуін ынталандыру. «Мақсатты мектеп» жобасына енген мектеп мұғалімдерінің инновациялық тәжірибесін зерделеу және тарату.
Педагог Константин Ушинский: «Мұғалім – өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, ал оқуды, ізденуді тоқтатқанда оның мұғалімдігі де жойылады» деген сөзі ұстаздар қауымына кәсіби ізденіс, теориялық білімді шыңдау, біліктілікті арттыру, заманауи технологияларды жетік біліп, тәжірибеде қолданудың маңыздылығын ескертеді. Сондықтан да келер ұрпаққа жол сілтеп, білім шырағын жағатын ұстаздар қауымына артылар жүк жеңіл емес.
Жанар САДЫҚОВА,
Н.Ахмадеева атындағы №112 орта мектеп
директорының орынбасары
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<