Мақсаты айқын меморандум

445

0

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті – 85 жылдық тарихы бар іргелі оқу орны. Бүгінде заман талабына сай дамып, еңбек нарығына қажетті кадрлар даярлап келеді. 2023 жылғы 5 желтоқсанда жоғары оқу орындарының тұрақты дамуының жыл сайынғы әлемдік рейтингінің нәтижелері бойынша университет алғаш рет «UI Green Metric» әлемдік рейтингіне беделді тізімде 1015 орынға тұрақтады. Оған әртүрлі елдерден 1183 оқу орны, оның ішінде Қазақстанның 18 жоғары оқу орны қатысқан. Бұл – университет басқарма мүшелері мен профессор-оқытушылар құрамының жасаған үлкен еңбегі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде техникалық мамандар жеткіліксіз екенін, сол бағытқа Үкімет тарапынан ерекше көңіл бөлінуі керегін айтқан болатын. «Өнеркәсіптік инженерлердің жаңа буынын өсіру қажет» деді Президент.

Техникалық мамандар даярлау қазіргі заман талабына айналып отыр. Бұл ретте университет өңірімізге қажетті тау-кен ісі және пайдалы қазбаларды өндіру бағытындағы мамандарды даярлауда. 2016 жылдан бері аймағымыздағы тау-кен саласындағы мамандарды қамтамасыз ету мақсатында жаңа мамандықтар ашылды.

Білім ордасы мен аймақтағы кәсіпорындар арасында меморандум жасалған. Солардың бірі – «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ еншілес ұйымы «Қызылқұм» ЖШС. Университет пен «Қызылқұм» ЖШС арасындағы ынтымақтастық геология және пайдалы қазбалар кен орындарын барлау, пайдалы қазбаларды байыту және тау-кен ісі мамандықтарын қамтиды. Бұл мамандықтар сұранысқа ие екені еңбек нарығында анық байқалуда. Өңірдің Жаңақорған, Шиелі аудандарында тау-кен өндірісі орналасқандықтан, тиісті сала мамандарына сұраныс болатыны анық. Сондықтан меморандумның мақсаты айқын деуге болады.

Бұған дейін өндіріс ошақтары қажет мамандарды өзге өңірлерден шақыратын. Себебі жергілікті оқу орнында арнайы маман даярланбайтын. Бүгінде білім алушылар теория мен практиканы қатар меңгеріп, сапалы білім алуда. Меморандум аясында жоғарыда аталған мамандықтар бойынша білім алушылар жылда кәсіпорындарда өндірістік іс-тәжірибеден өтуде. «Қызылқұм» ЖШС-ның «Хорасан-1» кенішінде студенттер тәжірибе жинап, болашақ маман ретінде саланың қыр-сырын меңгеруде.

Өндірістік іс-тәжірибеден өту нәтижесінде білім алушы теориялық білім мен өндірістік іс-тәжірибе нәтижесінде алған жалпы және кәсіби құзыреттіліктерін растайды.

Университет түлектерінің еңбек нарығында сұранысқа ие болып, мықты маманға айналуына Қорқыт ата атындағы университетінің профессор-оқытушылар құрамы мен «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ еншілес ұйымы  «Қызылқұм» ЖШС мамандары өлшеусіз үлес қосуда.

С.Аппазова,

«Инжинирингтік технологиялар» білім беру

бағдарламасының аға оқытушысы