«Мақсатым – Олимпиадада топ жару»

474

0

Жапон күресі – дзюдо өзінің ұлттық ерекшелігін сақтаған, төрткүл дүниеге кең таралған жекпе-жек түрі. Өңірде аталған спорт түрінің шоқтығы биік. Бүгінге дейін бірнеше спортшымыз Олимпиада ойындарында дзюдодан ел намысын қорғады. Сол спортшылардың жалғасы балуан Абылайхан Жұбаназар биыл үлкен белесті бағындырып, Грузияның астанасы Тбилисиде дзюдодан өткен «Grand Slam» турнирінде күміс жүлдегер атанды. Араға алты ай салып, Қытайдың Ханджоу қаласында өткен XIX жазғы Азия ойындарына қатысып, қола жүлде иеленді.

Қазалы қаласында 2000 жылы дүниеге келген Абылайхан қазақ күресіне 2013 жылы аяқ басты. Оның бозкілемдегі шапшаңдығын байқаған бапкері Мұхтар Күзентаев болатын. Талантты жасты қыран құстай баптаған бапкер мен еңбекқор шәкірттің ұзақ жылғы табан ет, маңдай тері уақыт өте ақталды. Әуелі ауданда, кейін облыс пен республикада спортшының жеңісті жолы басталды. Мәселен, республикалық «Жас барыс» турнирінде бес мәрте топ жарды. Кейін самбодан Азия чемпионы, дзюдодан Қазақстан жастары арасында екі дүркін жеңімпаз атанды. Осылайша, өзінің шын мықты екенін дәлелдеген  балуан кейін байрақты бәсекелерде топ жарды.

– Биыл халықаралық жарыстарда бағым жанды. Жыл басында Грузияда «Grand Slam-да» үздік үштіктен көрініп, күміс жүлдені еншіледім. Бұған дейін «Grand Slam» және Гран-при жарыстарында жүлде алып көрмегенмін. Содан әлемдік доданың екінші күні 81 келіге дейінгі салмақта финалға дейін төрт кездесу өткіздім. Жарысты екінші айналымнан бастап, іріктеу кезеңінде Канада және Польша спортшыларын тізе бүктіріп, артта қалдырдым. Сонан соң ширек финалда молдовалық Виктор Стерпуден басым түстім. Ал жартылай финалда татами иесі, грузиялық Дмитрий Гочилидзеден вазари әдісімен ұтылып жатып, таза жеңіске жеттім. Ақтық сында аустриялық Уашид Борчашвилимен алтын жүлдені сарапқа салдық. Спорт болған соң жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Ол жолы маған алтын емес, күміс медаль бұйырды, –деді ол.

Рас, 81 келі салмақтағы бәсеке дзюдода өте жоғары. Әлемдік бәсекелерді есептемегенде ішкі біріншіліктің өзінде топ жару оңай шаруа емес. Оған осы кезге дейінгі жарыстарда көзіміз жеткен. 

– Бәсекелестің жоғары болғанының арқасында ысылып, оң нәтиже көрсетудеміз. Қытайдағы байрақты бәсекеге әлемнің кіл үздіктері келді. Нәтижеге көңіл толды, – дейді балуан.

Айтпақшы, сөзімізге арқау болған Ханджоудағы байрақты бәсекеде 81 келіде 30-ға тарта татами шебері бақ сынады. Абылайхан бұлардың көбісінің әдіс-тәсілдерін білетін болып шықты. Олардың кейбірімен әлемдік жарыстарда жолы түйіскен еді. Жарысты көгілдір экраннан тамашалағанда көрерменге де бұл айқын байқалған шығар. Әйтеуір, жартылай финалда тәжікстандық қарсыласы Соман Махмадбековке есе жіберген жерлесіміз осы сәтсіздіктен кейін үшінші орын үшін күресте өзбекстандық Мұса Собировтан басым түсті.

– Биыл Сыр спорты үшін жемісті жыл болды деп ойлаймын. Азия ойындарында дзюдодан Мағжан Шамшадин мен Нұрлыхан Шархан да қола жүлде иеленді. Сол сәттегі сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Жаттықтырушы Қален Қалиұлына алғысым шексіз. Ендігі мақсат – 2024 жылы Париж татамиінде тәуір нәтиже көрсетіп, ел қоржынына жүлде салу. Өйткені, төрт жылда бір болатын Олимпиадада топ жару кез келген спортшының арманы, – дейді ол.

Иә, дзюдода рейтингі жоғары спортшының ғана Олимпиадаға жолы түседі. Балуандардың босаңдық танытуына болмайды. Абылайхан енді осы үдеден сүрінбей шықса, байрақты бәсекеде ел абыройын асқақтатарына сенім мол.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

*сурет ашық дереккөзден алынды

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<