Алматы қаласында ұзақ қашықтыққа жүгірушілер арасындағы халықаралық жарыс 2011 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Жүздеген адамдар қатысатын осы бәсекеге бұған дейін облыстан үміткерлер болған жоқ. Ал биыл «Смелость быть первым» атты қайырымдылық қоры ұйымдастыратын аталған жарысқа Шиелі ауданынан Мейірхат Әбдірахманов есімді жігіт қатысып, тәп-тәуір нәтиже көрсетті.
Биылғы марафонға 53 мемлекеттен 17000 адам келген. Қатысушылардың жарымынан астамы ерлер, қалғаны әйелдер. Ең жасы үлкені 82-де. Жарыс түрлі қашықтықта ұйымдастырылып, озық шыққандарға 73 медаль берілді.
– Мен 4000 адам жарысқа түскен 21 шақырымдық марафонға қатыстым. Нәтижесінде мәреге 135-ші болып келіппін. Көрсеткішім – 1 сағат 39 минут. Мұны алғашқы бастаушылар үшін жақсы көрсеткіш деп бағалады сарапшылар. Шынымды айтсам, бұрын ешқандай спортпен шұғылданған емеспін. Интернет арқылы осы марафонмен айналысып көруді шешіп, кіріскеніме 4 айдың ғана жүзі болды. Александр Раура атты жаттықтырушының көмегіне сүйенемін. Аптасына 5 күн жүгіріп жаттығамын. Кемінде күніге 8 шақырымға, кей күндері онан да көп жүгіруге тырысамын. Әзірге аяқ алысым жаман емес секілді, өзіме қуаныш сыйлайды, – дейді №6 кен басқармасында аппаратшы болып жұмыс істейтін жерлесіміз.
Жас жігіттің талабына нұр жаусын. Кейінгі буынның бос жүріс пен пайдасыз іспен уақыт өткізбей, осылай салауатты өмір салтына бой ұрып, шымыр болып өскені қоғам үшін пайдалы.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Шиелі ауданы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<