Марал ишан тарихы

2306

0

Алтыншы бөлім

Маралдың анасы Фатима да ерекше жаратылған адам болған. Көріпкелдік әулиелігі анасынан дарыды ма деген де ой келеді. Маралды дүниеге әкелерде ұшып жүрген жабайы адал құстың етіне жерік болған. Маралдың атасы Кенжебек Қыдырды үш рет көріп, өзі де оған тәнті болған. Әжесі де атақты тәуіп. Абылай ханды шөптен дәрі жасап, ауыр науқасынан жазып, екі аяғынан тұрғызып жіберді деген де әңгіме бар. Осындай ортада туып, ер жеткен Марал ишанның елден ерекше әулиелігі талайды таңқалдырады. Әкесі Құрман да батыр, тәуіп, сынықшылығымен елге танылып, Абылайдың қолдауымен қатарға қосылғаны белгілі.

Күз мезгілі болатын. Айналадағы шөптер енді ғана түсін ондырып сарғая түскен. Күн онша салқын емес. Төменгі Қуаң өңірінің бір малшысы ата қонысқа барып қайтайын деген талаппен жолға шығады. Астындағы семіз күрең бас жібімен алысып, тыпыршып, желдіріп- ақ келеді. Атының шылбырын шұбатып, еркін тастап, түзге отырыпты. Елеңдеп, күйліліктен есіріп, танауы желбіреп қағып тұрған ат, өз өзінен үркіп, шауып ала жөнеледі. Ізінен жүгірген жолаушыға ат жеткізсін бе, қу далаға еркін самғай шабады. Лезде қара көрсетпей, көзден бұл- бұл ұшады. Шығынып кеткен малға ит -құс та үйір. Бұл жерде қасқыр да өріп жүретін мидай дала. Аттың ізін ала қуумен әбден діңкесі қатып, сілесі құриды. Жапан далада жалғыз адамға қасқыр да жау. Ажалым жетіп, сүйегім қурайтын жерім осы шығар деп қатты қиналып, қапаланады. Көзінен ыршып жас та шығып кетеді.

,,Уа, Марал баба! Әулиелігің шын болып, сартқа айналмасаң құтқара гөр! Мына дала сіз жатқан қасиетті мекен. Осы жерде тіршілік етіп, нәрін еміп отырсың?»- деп бар ниетімен жалбарынып, тірі әулиені көмекке шақырады. Ағыл- тегіл шыққан тер денесін жуып кеткен. Әлі құрып, екі өкпесі алып ұшып , қолқасына сыймай алқынады. Түстен ауып кеткен. Көз ұшында бұлдырап бір қара көрінеді. Шаршағанына қарамай, қайта басын көтеріп, орнынан тұрады. Жанұшыра жүгіріп, жетіп келеді. Басы сынған сексеуіл түбіріне шылбыры оралып, байланған атын танып, дір- дір еткен денесін сынап, үркігенін басады. Саусақтарымен жалын тарағыштап ,,Құдайым, тілегімді орындағаныңа шүкір,,- деп. Бір жағынан Марал бабаның әруағынан айналып, атына мінеді. Тура жолдан бұрылып, Марал аулына жетіп, жығылады.

Жетінші бөлім

Арал маңы мен Ақмешіт аймағы Қазалы уезіне қарайтын кез. Осы өңірде билігін жүргізіп, атағы кең тараған Шағырай батыр деген кісі бар. Соған Марал жайлы жалған жағымсыз әңгіме жетіпті. Бұған батыр аңқаулық жасап, сеніп қалып, оны сабасына түсірейін, не келген жағына көшіріп жіберейін деген ойы бар екен.

,,Бұл аймақта менен мықты ешкім жоқ,,- деп жүрген Шағырай, патшадан сый- сияпат алғанын мақтаныш әрі дәреже көретіні жұртшылыққа белгілі. Осы кезде Марал ишанның атақ- даңқы шартарапқа танылып, абырой- беделі мәлім бола бастаған. Оның мұндай танымалдығын, жақсы даңқын көре алмай қызғанышын білдірген Шағырай: ,,Бұл арадан тез көшіп, табанын жалтыратсын Марал,, – деген астамшылыққа барады. Қайта қайта хабар айтып, діңкілдеп, мазасын ала береді. Марал әрі- бері түсінер деп үндемейді.

,,Оңтүстіктен қаңғып көшіп келген өзбек,,- деп Маралдың атын есіткен сайын, шабармандарын жұмсап, есін шығарады. Ол да бір есерсоқ екен:

– Бұлай тыңдамасаң, Шағырайдың қамшысының астында қаларсың- деп доқ көрсетеді.

– Сонда мына сарт бізге пірлік етпек болғаны ма?- деп терісіне сыймай , тулап ашуланғаны да бар. Сөйтіп, күштеп көшіріп, елден шығарып жібермек болады.

Марал ишан қалпесін жұмсайды. Сол арқылы Шағырайдың мына қиянат жасап отырған райынан қайтуын өтініп сұрайды. Ол бұған құлақ аспақ түгілі, қайта өшігіп, бұлқан -талқан болады.

Әулие қалпесін тағы жібереді.

– Мән- жайды жеткізіп, ұғындырып түсіндір. Ақырын күт. Жалпы үш күнге дейін сонда бол. Егерде айтқанға көнбей, мінез көрсете берсе, үшінші күні сағат 12- де атамын. Енді кешірім жоқ. Өз обалы өзіне – деп ескертеді.

Шағырай басынан сөз бен билік асырып көрмеген. Алған бетінен қайтпай, тас- талқан болады. Сол қалпы патшадан алған алтын сағатына қарап отырады. ,,Маған не істей қояр екен, байқайын,, – дегені болса керек. Қалпе үйден шығады да атына мініп тартып кетеді. Оның зар илеген қалпын көрмейін дегені шығар. Сағат 12- ні соғады. Ызылдаған қоңырауы құйқасын шымырлатады. Осы кезде әулие құдіретімен атады. Батырдың ортан жілігі күтірлеп, қақ бөлінеді. Жұмсақ төсекте жайланып жатқан Шағырайдың жан даусы шығып ,,Ох!»- деп шыңғырып, айқайлап жібереді. Сол жамбасын ұстап, бір жағына қисая құлайды.

– Марал шынымен мені әруағымен атты. Енді мені соған тез жеткізіңдер – депті. Әулиеге бозқасқа айтып, осы ауруынан құлан- таза жазылып кетсе, қызын да бермекші болады. Бұрында әулиенің сыртынан талай балағат сөзін боратқан көрінеді. Оны ишанның сезіп жататынын қайдан білсін. Шағырайды атқа отырғыза алмай, күймеге салып, жан- жағына құсжастық сүйеп, әулиенің аулына жетеді.

Үйге кіргенде қан сөлі жоқ, түсі қашқан. Аяғы адамның беліндей қарайып ісіп, енді жарылғалы тұрғандай. Сынықтың жанына батқаны соншалық, сөйлеуге де әлі жоқ.

– ,,Райыңнан қайт,, – деп қалпемді үш рет жібердім. Тындамадың. Кезеулі оғыма өзің келіп түстің. ,,Сары жебе ,,оғымды жібердім. Енді ол оқ қайтпайды. Құдайдан қорықпадың. Біле білсең, иығыңдағы боғың мынау, сорғалап жабысып әлі түспей тұр. Мойныңдағы сідігің мынау, тамшылап ағып тұр- деді ишан.

– Марал ишан, аяғыңа жығылайын, мені құтқара гөр!- деп зарлады.

– Бұдан бұрын қос ауыз мылтығың мен қырық патроныңды сайлап, айдын көлге келдің. Ұшқан қазды аттың. Артында зарлап 7-8 балапаны қалды. Сол атқан құсыңды тірілте алар ма едің? Кінә өзіңнен!

Көзіңе көрінген жаныңның аман қалуы үшін бір амал ойладың. Сол берем деген қызыңнан төрт шар туады. – депті.

Шағырай, төрт шар дегені төрт ұл деп дұрыс түсініпті.

– Алдыңдағы болар істі көріп тұрмын. Менің балам – Қалқамға Кеңес қызың қосылады. Одан Құдай қаласа, төрт ұл болады- депті де

– Енді райымнан қайттым. Аяғыңның сынығы орнына келеді. Қайта бер – деп сыртынан үш қайтара алақанымен сипапты.

Орнынан тұрып, Шағырай батыр:

– Бар боқтық сөзім мен жаман пікірімді қайтып алдым, Кешір, Марал әулие!- депті.

Алдаспандар Рухы кітабынан

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<