Мақсат – халықтың өмір сүру деңгейін жақсарту

332

0

Мақсат – халықтың өмір сүру деңгейін жақсарту Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен экономикалық мәселелер жөнінде кеңес өтті.

Жиын барысында елдің әлеу­­меттік-экономикалық дамуы­ның қорытындылары мен жоспарланған меженің орын­­далуы, қаржы-несиелік сая­сатты жүзеге асыру, атаулы әлеуметтік көмек реформасы, әлеуметтік даму және жұмыспен қамту мәселелері қаралды. Премьер-министр Асқар Мамин, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтер баяндама жасады.

Президенттің айтуынша, жалпы елдегі макро­эконо­ми­калық жағдай тұрақты, Қазақ­станның әлеуметтік-эконо­микалық даму көрсеткіштерінің динамикасы оң нәтиже көрсетіп тұр. Алайда, отандық экономиканы әртараптандыру, өнімді жұмыспен қамту, халықтың табысын арттыру, әлеуметтік көмектердің қол жетімдігі секілді мәселелер әлі күнге толық шешімін тапқан жоқ.

Мемлекет басшысының пікі­рінше, стратегиялық бағдар­ламаларды сапалы жүзеге асыру­дың негізгі міндеті – халықтың өмір сүру деңгейін арттырғанда ғана орындалады.

Президент әлемдегі әртүрлі жағдайларды ескере отырып, нақты есептелген, елдің макроэкономикалық, қаржылық және әлеуметтік тұрақтылығын сақтау жөнінде кешенді шаралар әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар, «Қазақстан-2050» Стратегиясының қазіргі кезеңде іске асуы тиіс міндеттемелерін орындау қажет екенін айтты. 

Президент мемлекеттік ше­шімдер қабылдағанда сарапта­малық жұмыстарды түбе­гейлі күшейту керек екенін атап өтті.

Сондай-ақ, мемлекет басшысы шағын және орта бизнес экономиканы әртараптандыру ісінде тірек күшке айналу керек және индустрияландыру бағдарламасы өнеркәсіп өндірісі мен өңдеу секторындағы құлдырауды тоқтатып, жаңа өнімдерді шығаруға мүмкіндік ашқанымен, экономика саласында түпкілікті серпіліс болған жоқ деп есептейді.

– Еңбек өнімділігін кемінде 1,7 есеге арттыруға және өңделген қазақстандық өнімнің экспортын едәуір өсіруге басымдық берілуі тиіс. Үкімет дайын өнімнің экспортын 2022 жылы – 1,5 есеге, 2025 жылы  2 есеге арттыруы қажет, – деп тапсырды Президент.

Мемлекет басшысы өңірлік деңгейде бәсекеге қабілетті техно­логиялық дамы­ған ең кемінде 3-5 саланы қалып­тастыру керек екенін айтты.

–  Индустрияландыру барысын жергілікті және шетелдік сарапшылар жіті бақылап отыр. Бұған дейінгі бағдарламаларға олар байсалды қараған еді. Бізге индустрияландыру идеясының беделіне нұқсан келтіруге болмайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, ЕАЭО аясындағы экономика­лық интеграция еліміздің эконо­микалық әлеуетін дамытуға септігін тигізеді. Бұл ретте ЕАЭО ұйымында біздің елдің мүддесін нығайту мақсатында сараптамалық жұмыстарды күшейтіп, өнімдерін еуразиялық нарыққа экспорттайтын отан­дық тауар өндірушілерді қорғау қажет. Сондай-ақ мемлекет басшысы инвестиция тарту ел экономикасын жаңғыртудың аса маңызды міндеті болып саналатынын айтты.

– Біз инвестициялық ахуалды үнемі жақсартып келеміз. Бірақ  мұндай жағдай инвестиция көлеміне қаншалықты әсер етіп отыр? Неге айтарлықтай серпін байқалмайды? Шетел инвестициясын тартуда тек фискалды ынталандырулар ғана маңызды емес. Ішкі нарық ауқымының тарлығы, тауарды экспортқа шығарудың қиындығы, орталық және жергілікті деңгейлердегі мемлекеттік органдар іс-әре­кеттерін үйлестірудің жеткі­ліксіздігі – жүйелі проблемалар болып саналады, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бүкіл өңірлерінде өнімді сөрелерге дейін жеткізудің тетіктерін да­мы­туды қамтамасыз етуді, сондай-ақ, экономиканың бар­­­лық салаларында ұлттық тауар­­ларды жеткізу жүйесін қалыптастырып, оны дамыту үшін кешенді қадамдар жасауды тапсырды.

– Бізде экспортқа қолдау көрсететін негізгі 3 оператордың, атап айтқанда, «Атамекен» ұлт­тық кәсіпкерлер палатасы, «KazakhExport» ұлттық ком­паниясы және QazTrade ком­паниясының көптеген тетік­тері бар. Экспортқа қолдау көр­сетудің барлық шарала­рын «бірыңғай терезеге» бірік­тірудің қажеттілігі жөнінде айтып жүрміз. Мен Үкіметке шет­елге тауар шығарушылар ара­­сында кәсіби сауалнама жүр­­гізіп, проблемалық тұстары мен қордаланған мәселелерді анықтауды, осының негізінде мемлекеттік қолдаудың те­тік­терін қалыптастыруды тап­сыр­дым. Сіздер ұйымдас­тыру­­­шылық шешімдер де қа­­был­­дайды деп сенемін, – деді Президент.

Мемлекет басшысы фискал­ды саясат жөнінде айта келе, Ұлттық қордан бөлінетін трансферттерді біртіндеп азайту қажет деген пікір білдірді. Дегенмен, оған аса қажеттілік туындаған жағдайда ғана жүгіну керек екенін айтты.

– Үкімет бірінші кезекте республикалық бюджеттің кіріс бөлігіне назар аударуы қажет. Ұлттық банк Ұлттық қордағы инвестициялық табыстың түсі­мін арттыру мақсатында қара­жатты басқару жолдарын қайта қарастыруға міндетті. Ак­тивтерді дұрыс басқару Ұлттық қордың көлемін ай­тарлықтай арттыра алады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент коммерциялық банк­тердің пайда табу мақ­са­тында қаржыны тұтыну­шы­лық несиеге қарай бұрып, бизнесті несиелеу көлемін төмен­детіп жібергенін де сынға алды.

– Ұлттық банк осы саясатқа шұғыл өзгеріс енгізуі тиіс. Қаржы реттеушісінің мәліметі бойынша, экономиканың әр сек­торының 50 пайыздан ас­тамы – банктердің мүдде­лерін көздейтін орнықты әрі қар­жылай тәуелсіз кәсіп­орындар. Алайда олар банк несиелерін тартуға құлықсыз. Неге? Мүмкін коммерциялық банк­тер белгілейтін шарттарды ол кәсіпорындар тартымсыз деп санайтын шығар. Қаржы сек­торының тұрақтылығын қам­тамасыз ету мен нақты сек­торды несиелеуді дамыту тура­лы таңдаудың алдында тұрған Ұлттық банк тиімді шешімдер қабылдауы керек, – деді Мемлекет басшысы.

Президент 2030 жылға дейінгі ақша-кредиттік саясат Стратегиясын жасауды тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банкті коммуникация мен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жақсартуға ша­қырды. Бұл өз кезегінде нарық­қа қатынасушылар мен тұр­ғындардың сенімін арттырып, девальвация жайындағы дақпырттардың алдын алады.

Мемлекет басшысы бірың­ғай тұрғын үй саясатын іске асыру мәселесін де назардан тыс қалдырған жоқ.

– Әрбір қазақстандық азамат баспананы сатып немесе арендаға алу перспективасын, оны сатып алу шарттарын анық түсінуі керек. Ол үшін тұрғын үйдің қолжетімділік өлшемдерін анықтап, құрылыстың өзіндік құнын жүйелі түрде төмендетіп, көппәтерлі және жеке баспа­наның аражігін ажыратып, пә­терді жалға беру нарығын реттеу қажет,– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сөз соңында Президент не­гізгі басымдықтар мен қа­был­­данған шешімдер өз дәре­жесінде іске асса, экономикалық өсімнің қарқыны мен сапасын арттыруға, сонымен қатар, халықтың өмір сүру деңгейін жақсартуға мүмкіндік беретінін айтты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<