Облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдарында 2019 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша 4635 дана ауыл шаруашылығы техникалары тіркелген. Оның ішінде 1721 дана трактор (барлық түрі бойынша), 846 дана комбайн, 475 дана өздігінен жүретін жатка мен 1374 дана басқа да техникалар бар. Ауыл шаруашылығы техникаларының орташа пайдалану мерзімі 8-10 жыл болып есептелетіндігін ескерсек, 2009 жылға дейінгі алынған техникалардың үлесі 80,9% немесе 3747 дана техниканың пайдалану мерзімдері ескірген болып саналады.
Соңғы жылдары мемлекет тарапынан көрсетіліп келе жатқан қолдаулардың арқасында облыстың машина-трактор паркі тұрақты жаңарып келеді. Атап айтқанда, «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның Қызылорда филиалы арқылы соңғы 10 жылда лизингпен жалпы құны 24,6 млрд теңгені құрайтын 1200 дана техника сатып алды. Бұл өз кезегінде, облыстағы ауыл шаруашылығы техникаларын 25,8% жаңалауға септігін тигізді. Дегенмен, жаңа техника сатып алу қарқыны жоғары болғанымен, қазіргі уақытта шаруашылықтардың қолында бар техникалардың пайдалану мерзімдері мен ескі техникаларды есептен шығару шаралары өз деңгейінде жүргізіліп отырған жоқ.
Бұл мәселе бойынша барлық аудандарға (қала) тапсырмалар беріліп, 5 айдың қорытындысымен мәліметтер жинақталды. Облыс бойынша иелері қайтыс болған, мекен-жайы белгісіз және тозығы жеткен барлығы 1120 дана техника анықталып, оның 396-сы (31 жеке) есептен шығарылды. Қалған 724 дана техниканы есептен шығару жұмыстары жалғасуда.
Сонымен қатар, аудандық (қалалық) кірістер басқармасы Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» (Салық кодексі) кодексінің 48-бабын басшылыққа ала отырып, «Салықтық міндеттеме мен талап бойынша талап қоюдың ескіру мерзімдері» (2017 жылғы 25 желтоқсандағы №120-VІ ҚРЗ) иелері қайтыс болған, жарамсыздығына байланысты бөлшектеп сатып жіберген техникалардың соңғы 5 жыл көлеміндегі салығын төлеу керектігін ескертуде. Осы жұмысты алдағы уақытта жүйелі түрде жалғастыру бойынша барлық аудан әкімдіктеріне тапсырма берілді.
Н.ЖҰМАБЕКОВ,
облыстық ауыл шаруашылығы
басқармасының бас маманы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<