Масс-медиа туралы заң және журналистер тағдыры

614

0

Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде медиакраттар медиафорумы өтті. «Масс-медиа туралы заң және журналистер тағдыры» тақырыбын талқылауға арналған медиафорумға Түркістан, Алматы, Тараз, Қызылорда өңірлерімен қатар, Астана қаласынан Парламент депутаттары онлайн қатысты.

БАҚ өкілдерінің Түркістан қаласына жиналуының өзі үлкен мәнге ие. Мұнда, әсіресе, аймақтық БАҚ-тың тағдыры терең талқыланып, жаңа заңның бір қайнауы кем тұстары сарапқа салынды.

Жалпы Масс-медиа туралы заң ұзақ талқылауға түсуімен ерекшеленіп отыр. Ұсыныс көп, БАҚ-қа қатысты мәселе қордаланып қалған.

Әсіресе, аймақтық, аудандық басылымдардың ендігі жағдайы үшін шымыр шешім керек. Ал мұның жаңа заңда нақты көрініс табуы БАҚ саласындағы шын жанашырлардың бекем бірлігін қажет етеді. Уақыт оздыруға болмайды.

Форумда журналистердің қауіпсіздігі де ерекше ескерілуі қажет екені айтылды. Бірқатар өңірлерде аудандық басылымдар жекеге өткен. Өкінішке қарай, олардың көбі шықпа жаным шықпаның күйін кешіп отыр.

«Қазпошта» қызметіне сын көп. Мемлекеттік тапсырыс, оның көлемі, игеру сомасы, қысқасы, әсіресе баспа БАҚ-та шешімін күткен мәселе жетіп артылады.

Сондай-ақ, аты бар да заты жоқ базбір айлалы әдіспен ашылған газеттерге де талдау жасалуы тиіс. Онсыз журналистердің атына күйе жағу толастамайды. БАҚ саласына еңбегі сіңген азаматтарға, жас кадрларға баспана қарастыру жағын да ойластырған абзал.

Міне, медиафорум осындай ұсыныс-пікірлерді талқылау алаңына шығарды. Әрине, форумның күн тәртібі бойынша ұсыныстар тиісті орындарға жолданатын болады.

Қуат ШАРАБИДИНОВ,

«Сыр бойы»

Түркістан қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<