Маусымдық жұмысқа тартудың тәртібі

1323

0

Климаттық немесе өзге де табиғи жағдайларға байланысты қызметтердің кейбір түрлерін жыл бойы орындау мүмкін емес. Сондықтан жұмыс берушілерге осындай жұмысшылардың толық штатын ұстап тұру тиімді емес. Осыған байланысты, адамдарды маусымдық жұмыстарға тартуға мәжбүр болады.

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 134-бабына сәйкес климаттық немесе өзге де табиғи жағдайларға байланысты белгілі бір, бірақ бір жылдан аспайтын кезең (маусым) ішінде орындалатын жұмыстар маусымдық деп танылады. Бұл баптың маңызы маусымдық жұмыстар бір жылдан аспайтын белгілі бір маусымда орындалатынын белгілейді.

Оны орындау туралы шартты бекіту бойынша  негіздер еңбек шартында көзделуге тиіс, сонымен бірге жұмыскердің өзіне тапсырылатын жұмысқа сәйкестігін тексеру мақсатында сынақ мерзімі белгіленбейді.

Оның түрлеріне ағаш дайындау және ағаш ағызу, ет және сүт өнеркәсібі, балық өнеркәсібі, өнеркәсіптің қант және консерві салалары жатады, бірақ бұл тізім шектелмеген.

Оны істейтін жұмыскерлермен жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзуға, Кодекстің 52-бабында көзделгеннен басқа (барлығы 25), келесі қосымша негіздер қарастырылған:

– өндірістік сипаттағы себептер бойынша екі аптадан артық мерзімге тоқтатыла тұрған;

– жұмыскер еңбекке уақытша қабілетсіздігі салдарынан қатарынан бір ай бойы жұмысқа шықпаған жағдайларда жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзылуы мүмкін.

Жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзу кезінде Кодекстің 52-бабында қарастырылған келесі негіздер:

– жұмыс беруші – заңды тұлға таратылған не жұмыс беруші – жеке тұлғаның қызметі тоқтатылған;

– жұмыскерлер саны немесе штаты қысқартылған жағдайда жұмыс беруші жұмыскерді еңбек шартының алдағы бұзылатыны туралы күнтізбелік жеті күн бұрын хабардар етуге міндетті. Бұл жағдайда жұмыскерге екі апталық орташа жалақы мөлшерінде өтемақы төленеді.

Маусымдық жұмыстарда істейтін жұмыскермен еңбек шарты бұзылған кезде жұмыс беруші пайдаланылмаған демалыс үшін өтемақы төлемін жұмыс істелген уақытқа пропорционалды түрде төлейді.

Жұмыскердің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзу негіздері де болуы мүмкін, бұл жағдайда жұмыскер жұмыс берушіні күнтізбелік жеті күн бұрын хабардар етуі тиіс.

А.Баймаханова,

 облыстық  бақылау жөніндегі басқарманың бас маман-мемлекеттік еңбек инспекторы