Мәдениет – думан

510

0

Жуырда Жаңақорған ауданы әкімдігі мен мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен ауданның мәдениет саласында қырық жылға таяу еңбек еткен Мәдениет Тотаевтың шығармашылығына арнал­ған «Мәде­ниет-Думан» кеші өткізілді.

Шарада аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Айтпенбетов кеш иесіне құттықтауын жеткізіп,  сый-сияпат жасады. Сондай-ақ, белгілі айтыс ақыны Әбілқайыр Сыздықов арнау өлеңін оқыса, аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Аякөз Айдосова ұжым атынан марапатын тапсырды. Мәдениет майталманының Түркістан қаласынан арнайы келген замандастары Бақыт Мұхаммеджанов, Әбдіхалық Абдуллаев, сазгер-әнші Сауран Елеуов өнерден шашу шашса, жазушы-сатирик Нұрмахан Елтай құттықтау лебізін арнады.

Кештің аты айтып тұрғанындай, бұл күні аудандық мәдениет үйінің іші думанға толы болды. Белгілі сахна саңлағы Дінмұхаммед Әбжаппаров кешті қызықты жүргізді, аудан өнерпаздары автордың интермедия, скетчтерін әсерлі орындады.  Әсіресе, «Бастаңғы», Шабандоз», «Арулармен жүздесу» атты қойы­лымдары көпшілікті күлкіге кенелтті. Автордың бірнеше әуендері де орындалды. Шара барысында облысымыздың әр ауданынан келген мәдениет үйлерінің басшылары мен аудан ардагерлері, өнерпаздың қатарластары мен әріптестері, туған-туыстары да жүрекжарды тілектерін ортаға салды.

Н.НАЗЫМХАНҰЛЫ. 

Жаңақорған ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<