Меценаттық туралы сөз қозғалғанда, Алаш ардақтыларына демеуші болған дәулетті жандар туралы тарихи деректер назар аудартады. Олар мектеп, медресе ашқан, роман бәйгесін жариялаған, газет-журналдардың жарық көруіне атсалысқан, талапты жастардың оқу ақысын төлеген. Кеңес үкіметі санамызға сыналап енгізген «байлар жаман» деген түсініктің түбірімен қате екеніне осы мәлеметтерді оқу арқылы көз жеткіздік.
Қазір де туған жерінің өркендеуіне, жерлестерінің жайлы тұрмысына қолғабыс тигізіп, түрлі іс-шараларға демеушілік жасайтын, игіліктің басы-қасында жүрген жандар жеткілікті. Демеушілікпен ұдайы, мақсатты түрде айналысатындар елдің, өңірдің әлеуметтік тұрғыда дамуына өз үлестерін қосып жатыр.
Аймақта айналасы 5-6 айдың ішінде жанашыр меценаттар, кәсіпкерлер 9 млрд теңгеден асатын қаржы жұмсап, демеушілік жасаған. Қызылорда қаласында белгілі кәсіпкер Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен құны 1,5 млрд теңгені құрайтын «Аналар үйінің» құрылысы жүргізіліп жатыр. Орталық алдағы мамыр айында пайдалануға беріледі.
Қаланы қақпасынан таныту үшін Түркістан облысымен шектесетін тұста 200 млн теңгеге кіреберіс қақпа салынуда.
Жаңақорған ауданында құны 790 млн теңге болатын заманауи демалыс паркі ашылып, көпшілік жиналатын көрікті орынға айналды.
Сырдария ауданы Н.Ілиясов ауылында 350 млн теңге қаржыға «Еңбекшілер паркі» бой көтерді.
Арал ауданы Тоқабай ауылындағы апатты жағдайдағы мектепті қайта салуға жеке инвестор есебінен 500 млн теңге бөлінді.
Жерлесіміз Болат Өтемұратовтың қолдауымен «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалына 12 млрд теңге қаржы салынып отыр. Жобалау жұмыстары аяқталған нысанның құрылысы басталып, 2024 жылы ел игілігіне берілмек. Қолданыстағы терминал демеушілердің көмегімен 100 млн теңгеге жөнделді, әуежай алаңы жаңартылды.
«ҚазГерМұнай» компаниясы Қызылорда қаласында заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайының» жобасын бастайды.
Келесі жылы 7 мың адамға арналған «Қайсар» футбол командасының жаңа стадионы бой көтереді. Жаңа стадион құрылысына демеушілікке «Саутс Ойл» компаниясы ынта білдіріп, жобалау жұмыстары атқарылуда.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,
«Сыр бойы»





