Медиация – тараптардың татуластығы

1017

0

Медиация – кез келген дауды оған ешқандай да қатысы жоқ үшінші адамның яғни медиатордың қатысуы арқылы альтернативті түрде реттеу. Ал, медиатор – өзара жанжалдасушы немесе дауласушы тараптардың арасында орын алған даулы мәселелерді олардың өздерін қатыстыра отырып дауды шешуді жүзеге асыратын маман.

Елімізде 2011 жылдың 28-қаңтарында Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңы қабылданды. Бұл заң Қазақстан Республикасында медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеуді, оны жүргізу қағидаттары мен рәсімін, сондай-ақ медиатордың мәртебесін айқындап берді. Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік іс жүргізу кодексінің жаңа редакциялық талаптарына сай, соңғы кездері сот істерін баламалық негізде шешуге айрықша көңіл бөлінуде.

Сотқа арыз берген тараптар ең алдымен даудың медиация жолымен шешілетінін ұғыну керек. Себебі медиацияның тиімді тұстары жетерлік, дауласушы тараптардың ерікті түрде келісімге келуі, бұл келісім екі жаққа тиімді, уақытылы орындалуы түгел қамтылып, келісім жазбаша нысанда жасалады және тараптар қол қойып, сотқа ұсынады.

Медиацияның басты мақсаты – қос тарапты бірдей қанағаттандыратын және дауласушылық деңгейін төмендететін өзара тиімді әрі қолайлы, бейбіт келісімге келу. Медиация барысында кінәлі,  кінәсіз тарап болмайды, өйткені бұл адам құқықтары мен бостандығын қорғауды және қалпына келтіруді көздейді. Медиацияның тағы бір оңтайлы жағы – қаржылық жағынан сот шығыны мен уақыттың үнемделуінде. Сотта іс ұзақ мерзімге созылуы ықтимал,  бірнеше мәрте сот отырысы тағайындалуы мүмкін, сот отырысы барысында тараптар белгілі себептермен сот отырысына қатыса алмайтын фактілерде жиі кездеседі.

Бітімгершілік үрдісі сот отырысы сияқты ашық емес, құпия түрде жүргізіледі. Сот отырысы тараптардың бірінің еркінен тыс жүргізілуі мүмкін, ал бітімгершілік тек ерікті түрде басталады. Сот шешімі Заңға сәйкес қабылданса, ал татуласу барысында шешім тараптардың мүддесін ескере отырып Заңға сәйкес қабылданады. Сондықтан, соттасып бірнеше сатыдан өтіп, уақыт жоғалтқаннан келісімге келген жөн. Сотта тараптар бір- біріне қарсы әрекет етсе, ал медиация да өзара ынтымақтаса қимылдайды, бір сөзбен айтқанда медиация – істі сотқа жеткізбеу мақсатын көздейді.

Дамыған заманда, өркениетті қоғамда жанжалдасып, дауласып, соттасып жүру менің ойымша дұрыс емес, шешілмей, түйінделіп тұрған мәселеңіз болған жағдайда, медиацияға келіп, келісіммен, бейбіт түрде, қол алысып шешілетін мүмкіндік бар екенін ұмытпаңыз.

А.Қаршыға,

Қызылорда қалалық сотының судьясы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<