Медиация институтын әлемдік стандарттар бойынша дамытуға соттың үлесі

385

0

Медиация институтын әлемдік стандарттар бойынша дамытуға соттың үлесі Қазіргі уақытта татуласу рәсімдерінің кеңінен қолданылуы – билер соты үрдісінің жалғасы тапқан көрінісі, тарихи жалғасы және заман талабы. Қоғамдағы кез келген қайшылық пен дауды азаматтық келісім аясында шешуге қолданыстағы заңнамалардың бітімгершілік, медиация рәсімдері, партисипативтік тәсілдері мол мүмкіндік берері анық. Осы саланың кеңінен қолданылуы мемлекет тарапынан, Елбасының салиқалы саясатының арқасында үлкен қолдау тауып, қомақты іс-шаралар атқарылды.
Татуластыру рәсімдерін іс жүзінде қолдану мақсатында заңи тұрғыда тиісті «Медиация туралы» Заң қабылданып, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде көрініс тапты. Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексі бітімгершілікке келтірудің бұрыннан бар қағидалары мен рәсімдерді бүгінгі күнге сай жетілдірілуімен де ерекшеленіп отыр.
Дауды жалпы татуласу рәсімдерімен аяқтаудың тиімді тұстары көп. Дауды медиация тәртібімен немесе партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу арқылы дауласушы тараптар өздерінің алтын уақытын, қаржысын үнемдейді. Себебі тараптар дау бойынша өзара тиімді, әрқайсысы өздерінің талаптарын қанағаттандыратын келісімге қол жеткізгендіктен, мұндай келісімдерді бекіту жайлы сот ұйғарымдарын олар апелляциялық тәртіпте шағымданып уақыт жоғалтпайды. Ал, сот шешімін қабылдаған уақытта тараптың бірі ол шешімнің заңдылығы мен негізділігіне қарамастан сотпен қабылданған шешімге наразылық танытып, шағым келтіріп жатады.
Қызылорда облысының соттары тарапынан «Медиация туралы» Заңды нақты іс жүзінде жүзеге асыруды насихаттау, оның қолданысын кеңейту мақсатында жоспарлы түрде бірқатар кешенді жұмыстар жүргізілді. Атап айтсақ, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сұқбаттар беріліп, мақалалар жарияланды. Мүдделі тұлғалардың қатысуымен түрлі семинарлар мен «дөңгелек үстел» мәжілістері өткізіліп, істерді татуласу рәсімімен аяқтаудың мүмкіндіктері, артықшылықтары толық әрі кеңінен түсіндірілді. Жоғарғы сот бастамасы негізінде Қызылорда облысы бойынша алғаш рет сотсыз татуласу орталығы ашылды.
Қазіргі уақытта азаматтық істі қарайтын соттарға түсетін арыздардың көпшілігі тұрғын үй қатынастарынан туындайтын дауларды, жария шарттары негізінде туындайтын дауларды, салықты және өзге де міндетті төлемдерді өндіру дауларын құрайды. Осы санаттағы істердің басым көпшілігі даусыз талаптар қатарына жатады. Сондықтан, атқарушылық жазбаны кеңінен қолдану қажет және бұл институтты дамыту керек. Ол өз кезгінде даулардың сот тәртібінде қаралуын біршама азайтады, осы санаттағы істердің жылдам қаралуына, сәйкесінше өндіріп алушының құқықтарының қорғалуына септігін тигізеді.
Татуласу рәсімін, дауларды сотқа дейінгі тәртіпте шешу мәселесін кеңінен қолдану қазақ халқының бүкіл әлемге үлгі етерлік, ұмытыла бастаған жақсы салт-дәстүрін қалпына келтіру бағытындағы игі қадам. Сондықтан, қол жеткен табыстармен шектеліп, тоқмейілсуге болмайды, өйткені өз шешімін күтіп тұрған мәселелер әлі де жеткілікті.  
Т.Қ.Жүсіпов,
Қызылорда қалалық сотының судьясы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<