Бұл өзгеріс Президент Қ.Тоқаевтың журналистер қауымына деген оң көзқарасы мен қарым-қатынас деңгейін білдірсе керек. Себебі Мемлекет басшысының алдағы бес жылда атқарар міндеті аз емес. Оның барлығын жұртқа жүйелеп жеткізу сол медиа қоғамдастықтың еншісіндегі қызмет. Алайда журналистер тек ақпарат таратушы болып қалуы тиіс пе? Бәлкім Қазақстан өзінің жаңа саяси даму кезеңіне өткенде олардың да қоғамдағы орны өзгеретін уақыт келген жоқ па?
Төртінші билік деген сырттай таққан, дәстүрлі атауы болса да, бүгін отандық журналистер белгілі процестерге ықпал ететіндей жағдайда емес екені белгілі. Иә, министрлік, әкімдік жанындағы түрлі қоғамдық кеңестерге, ұйымдарға мүше етіп шақыратыны бар. Кей кездері заңға сәйкес мемлекеттік органдар журналистік сауалдарға жауап та, есеп те береді. Ал кәсіби мерекесі жақындағанда түрлі марапаттарын тапсырып жатады. Алайда бұл жеткілікті ме? Бұл сұрақтар Батыс медиасының әлеуетін көргеннен туындайды. Сол BBC, Times, The Guardian, Financial Times, Washington Post-тардың жылдам, сапалы, ашық ақпарат таратуынан өз қоғамы ұтылған жоқ. Яғни, қазақстандық БАҚ та сол деңгейге жететін кезі келгені қашан.
Әрине ол үшін бірнеше шарт орындалуы тиіс. Ең алдымен – қаржы көзі. Телеарна, сайт, журналдардың жекеменшік иелікке өтуі олардың құлашын кеңге жаяды. Бірақ аталған мақсатты орындауға кедергі әттеген-ай жайттар бар. Біріншіден, олар өз қаражатына өмір сүретіндей отандық ақпарат нарығы. 18,5 млн-дық нарық аздау және олардың барлығы ақпарат үшін ақша төлеуге даяр емес. Екіншіден, жарнама қаражаты да тұрақсыз. Тіл мәселесі алға шығады. Ірі компаниялар ескі түсінік бойынша орыс тілді ақпарат көздерінде жарияланғанды сүйеді. Үшіншіден, жеке ақшаға қызмет ете бастаған журналистер көбіне бір адамның не бір топтың сойылын соғуға көшеді. Журналистік ұстанымнан таяды. Оны 1990-2000 жылдардағы тәжірибе көрсетті. Төртіншіден, жеке жолым осы екен, қаралымы, көрсетілімі көбейсе, тапсырыс та артады дегендер ақпараттың сапасын бұзады: әншінің жеген тамағын, бишінің киген көйлегін жаза бастайды. Оны қазір кәсіп қылған сайт қаншама.
Дегенмен, о бастағы ойға оралсақ. Отандық медиа Батыстық әріптестерімен теңесу үшін қойылатын келесі шарт – ақпараттың сапасы мен жылдамдығы. Сапасы дегеніміз – мәліметтің тексерілуі, сенімді көзден алынуы. Қазір әрбір адам әлеуметтік желідегі аккаунты арқылы ақпарат таратушы көзге айналғанда БАҚ-тың шынайы хабар беруі аса маңызды. Оған Арыста апат болғанда тағы да көз жетті. Пәленше кісі көз жұмыпты, радиация тарапты деген жалған, фейк ақпарат желіні жаулап жатқанда ақиқатты хабарлау оңай емес. Жұрт қауіпті қауесетке жақын тұрады. Алайда шындықты жеткізу журналистің міндеті. Сондықтан әрбір сайт, газет-журнал, телеарнаның «сенімді ақпарат көзі» деген қоғамдағы имиджі де қажет көрсеткіш. Сондай сын сәттерде, ақпараттық вакуум орнағанда мемлекеттік органдардың жылдам шешім қабылдап, ресми ақпаратты лезде әрі тұрақты беруі де маңызды. Бұл медианың өз миссиясын адал атқаруына, жағдайдың ушықпауына тікелей ықпал етеді.
Жалпы, уақыт өткен сайын дәстүрлі медиа мен әлеуметтік желідегі аккаунт иелерінің, блогерлердің белгілі шекарасы жойылып барады. Бүгінде аймақтық газеттердің орташа таралымы 10-20 мыңға жетсе жақсы. Республикалық телеарналардың ортаңқол тележобаларын рейтинг көрсеткішімен есептесек, 50-70 мың адам қарауы мүмкін. Ал кейбір әншілердің инстаграмдағы жазылушылар саны 2-3 млн-ға жетіп жығылады. Бұл 1 адам ғана 2-3 млн кісіге ақпарат таратушы дегенді білдіреді. Маңызды оқиға, ауыр апат бола қалғанда БАҚ ресми мәлімет жинап жүргенде әлгі әнші, блогер естіген қауесет сөзге иланып, әлеуметтік желіге ойын жазып, 2-3 миллион оқырманын бірден «ақпараттандыруы» мүмкін. Бұл бір адамның жасауы мүмкін әрекеті. Ал егер бейресми, жалған хабарды мың адам бірден таратса, не болмақ? «Ақиқат шалбарын киіп жатқанда, жалған сөз әлемнің жартысын аралайды» деген екен У.Черчилль. Сол секілді бұл ақпараттық кеңістікті тұрақсыздыққа итермелейтін, тәуекелі жоғары процесс. Дәйексіз мәліметке сенген халық радикалды қимылдарға баруы ғажап емес. Сондықтан «Сөз түзелді. Тыңдаушы сен де түзел» деп Абай хәкім айтпақшы, азаматтар да ақпаратты сүзіп, оны тек сенімді көздерден ғана алуға дағдылануы тиіс.
28 маусым тек медиа өкілдерін құттықтайтын ғана емес, сондай-ақ ақпарат атырабын қайта саралайтын, оның даму бағытын ой елегінен өткізетін күн деуге де болады. Әзірге отандық ақпараттық кеңістікте түрлі форматтағы, түрлі меншіктегі БАҚ бәсекеге түсіп жатыр. Медианың бөлек мерекесі бекітілді. Бірақ миссиясы мызғыған жоқ. Ол – ашық, сапалы, сенімді ақпаратты жылдам тарату болып қала береді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<