Елімізде жыл сайын маусымның үшінші жексенбісінде медицина қызметкері күні аталып өтіледі. «Бірінші байлық – денсаулық» десек, адам саулығының сақшылары – дәрігерлер қауымы қандай құрметке де лайық. Екі жылға созылған пандемиямен күрес барысында адамзат баласы медицина мамандарының өлшеусіз еңбегі мен көзсіз ерлігіне тәнті болып, қадірін түсінгені анық. Індетпен күрес ақ халатты абзал жандарға өзге де мамандық иелері секілді кәсіби мерекелерін ауқымды түрде атап өтуге бөгет болды. Алайда биыл дәстүрлі мереке өз жалғасын тапты әрі ерекше сипатта салтанат құрды.
Оның дәлелі – кеше Н.Бекежанов атындағы музыкалық академиялық драма театрда өткен медицина қызметкері күніне арналған «Еңбегіміз туған ел, саған!» атты салтанатты шара. Кәсіби мерекелік шарада облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев саулық сақшыларын құттықтап, салада атқарылған бірқатар жұмыстарға тоқталды.
– Әлемде қанша мамандық болса, олардың әрқайсысының адамзат үшін өз маңызы бар. Десек те, кез келген сәтте адам өміріне араша болатын ақ халатты абзал жандардың орны ерекше. Дәрігер мамандығын таңдауға үлкен жүрек керек. Сонан соң сүйіспеншілігің мен өзіңе деген сенімің болуы қажет. Өйткені, өлім мен өмір арасындағы жанталастың жауабын нағыз дәрігер ғана дөп басады. Адам денсаулығын сақтау мен нығайту, сырқатты емдеу мен аурудың алдын алу жауапкершілігін кездейсоқ кісі атқара алмайды. Рас, ұлт денсаулығын нығайту – мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі әрі басты бағыты. Соның арқасында өмір сүру ұзақтығының артуына, ана мен бала өлімінің төмендеуіне ықпал етті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев дәстүрлі Жолдауында денсаулық сақтау саласының тиімділігін арттыру үшін медицина саласына қомақты қаржы құюды, бұл қаражаттың инфрақұрылымға, маман даярлауға және халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жұмсалуға тиістігін айрықша атап өтті. Бұл тұрғыда аймақта бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылуда, – деді облыс әкімі.
Қазіргі кезде облыс халқына 2557 дәрігер, 9443 орта буынды маман қызмет көрсетеді. Уақыттың ағымымен медицинаның мүмкіндігі қатар дамып келеді. Соған сай мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмек түрлері сапалық жағынан жақсара түсті. Оның бір ғана дәлелі – өңірдегі 804 124 тұрғынға 18 стационарлық, 21 амбулаториялық-емханалық медицина ұйымының қызмет етуі.
– Осы жылдың аясында салада айтулы жаңалық жетерлік. Атап айтқанда, Қызылорда қаласы мен Қазалы ауданында жеке медицина ұйымдары өз қаражаттары есебінен 2 МРТ аппаратын орнатып, жұмыс істеуде. Сонымен қатар, 1,9 млрд теңгеге медициналық құрал-жабдықтар алынатын болады. Оның ішінде 2 компьютерлі томограф аппаратын Қармақшы және Шиелі аудандарына орнату жоспарлануда. Қазалы ауданында 250 келушіге арналған емхана құрылысы аяқталып, жақын арада ашылатын болады. Қызылорда қаласының сол жағалауында жаңа үлгідегі облыстық қан орталығының құрылысын бастауға республикалық бюджеттен 250 млн теңге бөлінді. Мұнан бөлек амбулаториялық қызметтер мен емханалардың жұмысы жаңғыртылды, – деп атап өтті облыс әкімі.
Сондай-ақ, облыс басшысы мамандар біліктілігі, енгізіліп жатқан соңғы, заманауи ем-шаралар мен әдіс-тәсілдерге де тоқталды.
– Отандық медицинаның отыз жылдағы олжасын дертті емдеу деңгейінен-ақ байқауға болады. Айталық, аймақ дәрігерлері ауыр ота жасауда біліктілік дәрежесімен бағаланып отыр. Бұрын шетелде немесе Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында жасалатын күрделі оталар қазір кардиохирургия, офтальмология орталықтары мен көпбейінді балалар ауруханасында өз дәрігерлеріміздің бастамасымен сәтті жүзеге асуда. Мысалы, өткен жылы тері арқылы коронарлық араласу отасы көпбейінді облыстық аурухана мен Қазалы ауданаралық ауруханасында сәтті жасалды. Бұл жетістік – халықаралық деңгейде табысты бәсекелестікке түсуге жетелеп келеді. Мұны аймақ медицинасының синергиясы деуге болады. Осындай озық істерден кейін медицина қызметкерлерінің қабілет-қарымын қалай құрметтеп, бағаласақ та артық болмайды, – деген облыс басшысы медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, Сыр жұртшылығы атынан алғыс айтты.
Салтанатты шарада бірқатар үздік қызметкерлер облыс әкімінің «Алғыс хатын» алса, бірқатар сала ардагеріне «Еңбек ардагері» медалі табысталды. Сонымен бірге дәрігерлер «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгілерімен марапатталды. Оған қоса салтанат сахнасында өңірдің «Медицина үздіктеріне» 10 номинация бойынша облыс әкімінің арнайы 500 мың теңгелік сертификаттары табысталды. Атап айтқанда, қалалық №1 емхана бас дәрігері Рахима Сералиева «Үздік менеджер» номинациясын иеленсе, көпбейінді облыстық аурухананың анестезиолог-реаниматолог дәрігері Бейбіт Тоқсанбаев «Үздік аурухана дәрігері» атанды. Қалалық №3 емхананың жалпы тәжірибелік дәрігері Жанерке Жақсылық «Үздік бастапқы медициналық-санитарлық ұйым дәрігері» атағына ие болды.
Салтанатты шара концерттік бағдарламаға жалғасты. Бұл жолғы ерекшелік – дәрігерлер ақ халаттарын сахналық киімге, тонометр мен қандауырды микрофонға айырбастап, әріптестеріне арнап ән салып, жырдан шашу шашты. Сыр елінің өнер жұлдызы, белгілі ақын, әнші Елена Әбдіхалықова медицина қызметкерлерінің қуанышына ортақтасып, дәрігерлермен бірге ән шырқап, мереке көркін қыздырды.
Айнұр Батталова,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<