Медицина мамандары марапатталды

1056

0

«Республика күні» өздеріңізге белгілі мемлекетіміздің қалыптасу тарихы ұлықталатын, өткеннің өнегесін өскелең ұрпаққа насихаттайтын күн.

Қазақ елін қалыптастырып, елімізді әлемнің өркениетті мемлекеттерінің қатарына қоса алдық.
Осы кезеңде Қазақстанды дүние дидарындағы ең мықты мемлекеттер танитындай, сыйлайтындай деңгейге жетуіне әрбір қазақстандықтың азаматтық адал борышы мен ерен еңбегінің қосқан үлесі зор. Әсіресе ел амандығы жолында айтарлықтай үлесін қосып келе жатқан медицина саласының қызметкерлерін ерекше атап өткен жөн.

Бүгін көпбейінді облыстық ауруханасының мәжілісзалында «Республика күні» Ұлттық мерекесіне арналған медицина қызметкерлері арасында салтанатты шара ұйымдастырылды.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік Әнұранымен ашылған мерекелік шарада алдымен облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов сөз алып, барша қазақстандықтармен медицина қызметкерлерін ұлық мерекемен құттықтап, сала мамандарына марапат табыс етті. Одан әрі мерекелік марапат табыстау рәсімін облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сабит Пазилов жалғады.
Халық денсаулығын жақсарту жолында жанымызға шипа сыйлайтын дәрігерлер қауымы құрмет пен марапатқа әбден лайықты. Олардың тәулік бойы көз ілмей, тәуекелге бел буып, тынымсыз кешетін тірлігін жанкештілік деп бағалау керек.
Салтанатты шарада Мәдениет саласының үздігі, әнші, сазгер Индира Елубаева «Туған жер», «Өмір уақыт» ән шашуларын арнаса, облыстық филармония әншісі Бақытжан Найманов «Қазақстан», «Белеске» әндерімен ақ халаттыларды қуантты.

Денсаулық сақтау саласы – қазақ елінің болашағы үшін маңызы зор салалардың бірі. Бүгінгі күнге дейінгі тоқтаусыз дамып келе жатқан медицина саласы 32 жылдан астам уақытта биік шыңдарды бағындырып үлгерді. Сонымен қатар, «Денсаулық» бағдарламалары бұл саланың биікке өрлеуіне айқын жол ашты. Ауруханалар заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталып, ақ халатты абзал жандардың біліктіліктері мен тәжірибелері артты. Бұл орайда Сыр медицинасы республика көлемінде халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету бағытында көш бастап келеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<