Құрметті Әлихан Асханұлы!
Медициналық кадрларды даярлау – мемлекет алдында тұрған басым міндеттердің бірі болып табылады. Ұлт денсаулығы – қашанда ел болашағының негізгі тірегі екені де бұлжымас заңдылық. Өкінішке қарай, Қазақстанда медицина саласының проблемалары жетерлік. Соның ішінде медициналық кадрлардың біліктілік деңгейі өзекті мәселеге айналып отыр және бұл тікелей медициналық білімнің сапасына байланысты, ал сапа – тұтас саланың кепілі.
Осы тұрғыда 2020 жылдан бері Парламент депутаттары қаперге алған бұл түйткіл бүгінге дейін шешімін тапқан жоқ. Тарқатып айтсақ, қазіргі уақытта медициналық мамандықтарды оқытуға бөлінетін мемлекеттік тапсырыс қаражатының мөлшері оқу процесін ұйымдастыру үшін жоғары оқу орындарының шығындарын өтемей, олардың қаржылық жағдайын қиындата түскен. Сөйтіп оқу сапасына теріс әсерін тигізуде.
Нақты мәліметке сүйенсек, «жалпы медицина» мамандығы бойынша бакалавриат грантының құны соңғы рет 2021 жылы қайта қаралып, медициналық жоғары білім беру ұйымдары үшін 1 млн 1 мың теңге болып бекітілген.
Алайда аталған баға 2021 жылдан бастап оқуға түскен студенттерге ғана қолданылады, ал 4-ші және одан жоғары курс студенттері үшін гранттардың бағасы 10 жыл бойы қайта қаралмағандықтан, бүгінде 609 мың теңге көлемімен қалған. Шын мәнінде, қазіргі медицина маманын оқытудың өзіндік құны бір білім алушыға шамамен 2 млн теңгені құрайды. Өздеріңіз білетіндей, дәрігердің оқыту құны басқа мамандықтармен салыстырғанда, әлдеқайда қымбат.
Осыған орай медициналық жоғары оқу орындары өзін-өзі қамтамасыз ету үшін ақылы студенттер тобын көбейтуге мәжбүр.
2022-2023 жылғы оқу жылында 63 мыңнан аса студент болса, оның тек 41 пайызы мемлекеттік білім беру тапсырысы қаражаты есебінен оқытылады.
Студенттер санының шамадан тыс артуы себебінен, тағы да сол аудитория тапшылығы мен жатақхана жетіспеушілігі орын алуда. Медицина саласына сапалы маман даярлауға кедергі келтіретін бұл мәселе бір оңтайлы шешімін табуы тиіс.
Мәселен 3 жылдық деректерге сүйенсек, ақылы түрде оқитын студенттер саны 50%-ға артқан, ал академиялық бакалавриатта оқитын студенттердің саны 62%-ға өскен. Осы себептен аудиториялық қордың 15 мыңға жуық шаршы метрге тапшылығы, жатақхана бойынша 6,5 мың орынға қажеттілік туындаған. Клиникалық жабдықтар базасының 60 пайызының тозығы жеткен, материалдық-техникалық базаның ескіруі себептері медициналық мамандар даярлау ісінің сапасына кері әсер етіп, болашақ мамандар әлемдік стандарттарға сай, жаңа технологиялармен білім ала алмауда.
Сонымен қатар, грант құнының төмендігінен және жүктеменің аса жоғары болуынан, медициналық жоғары оқу орындары оқытушы-профессорлық құрамын лайықты жалақымен қамтамасыз ете алмай, мамандардың жаппай саладан кету ықтималдығы артуда.
Заманауи медицина талабына сәйкес дәрігер дайындаудың оқыту құны басқа мамандықтар бойынша оқуға қарағанда, шығыны көп. Мысалы, медицина саласы озық дамыған елдерде медициналық мамандықтарын оқыту құны, өзге мамандықтардың оқу құнынан 2-ден 4 есеге дейін артық.
Қорыта айтқанда, аталған проблемалар медициналық мамандар даярлау ісінің сапасына ғана емес, Қазақ медицинасының болашағына да күмән келтіретін күрделі жағдай. Медициналық жоғары оқу орнында биік деңгейде конкурстар өтетіні және өте дарынды балалар түсетінін ескерсек, жас дәрігерлер білімдерінің көп жағдайда жеткіліксіздігі жоғарыда аталған кемшіліктерден екені түсінікті. Ал оның зардабын халық көретіні белгілі.
Құрметті Әлихан Асханұлы, қазақстандық медицинаның қалыптасқан мектебі бар және оны сақтап қалу мақсатында, Сізден бакалавриат, интернатура, магистратура, резидентура және докторантураның медициналық мамандықтарын оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша республикалық бюджеттен бөлінетін гранттың құнын қайта қарап, 2021 жылға дейін қабылданған студенттерді қоса алғанда, ұлғайтуға шаралар қабылдауды сұраймын.
Ақмарал ӘЛНАЗАРОВА,
Сенат депутаты
*сурет ашық дереккөзден алынды
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<