Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік іс-шарада аудан басшысы денсаулық сақтау саласына жасалып жатқан қолдауларға тоқталып, сала ардагерлері мен қызметкерлерін мерекемен құттықтады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықтың денсаулығы – елдің қалыпты дамуының кепілі екендігін үнемі айтып келеді. Себебі, денсаулық сақтау жүйесі – экономиканың маңызды салаларының бірі, ал мықты денсаулық – экономикалық дамудың іргетасы. Бүгінде Мемлекет басшысының қолдауымен, аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың тапсырмасымен Сыр өңірінде медициналық қызметке қолжетімділік артуда, денсаулық сақтау инфрақұрылымын одан әрі жетілдіруде кешенді жұмыстар жүргізілуде. Президент бастамасымен қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыста 27 нысан салынуда. Өткен жылы елді мекендерде 15 дәрігерлік амбулатория, 1 медициналық бекет ашылып, бүгінде ел игілігіне қызмет етуде. Қалған 11 нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
Облыс орталығында 36,4 млрд. теңгеге бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы қарқынды жүруде. Республикалық бюджеттен 2,9 млрд. теңгеге осы кезге дейін жеке ғимараты болмаған облыстық Қан орталығы жақын күндері ел игілігіне табысталады.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры екі жылда өңірдің денсаулық сақтау саласына 2 млрд. теңгеден астам қаржы бағыттады. Бұл қаржыға облыстық балалар ауруханасы базасында «Қамқорлық» реабилитация орталығы ашылып, аса қымбат дәрі-дәрмек алынды. Қор облыстық онкология орталығына 1,1 млрд. теңге тұратын онкологиялық скрининг жүргізуге арналған жылжымалы медициналық кешенді сыйға тартты. Мұндай кешен республиканың 3 өңірінде ғана бар. Ауданда да медицина саласын дамытуға үлкен қолдау көрсетілуде.
Өткен жылы Іңкәрдария, Қалжан ахун, А.Тоқмағамбетов ауылдарында дәрігерлік амбулатория күрделі жөндеуден өтсе, Н.Ілиясов елді мекенінде заманауи үлгіде жаңа дәрігерлік амбулатория салынды. Биыл Аманкелді ауылындағы дәрігерлік амбулатория күрделі жөндеуден өткізілуде. Биылғы кәсіби мереке қарсаңында өңірдің медицина саласына тағы да қолдау жасалып, аймақ басшысы 50 жедел-жәрдем автокөлігінің кілтін табыс етті. Оның 6-уы біздің ауданға берілді. Бұл – аудан медицинасына үлкен қолдау екені анық, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Кәсіби мерекеде ауданның медицина саласының қызметкерлері Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің, аудан әкімінің, облыстық денсаулық сақтау басқармасының, «СЕНІМ» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерінің салалық кәсіподағының, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының және халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының «Құрмет грамотасы» және «Алхыс хатымен» марапатталды.
Салтанатты іс-шара барысында медицина саласының қызметкерлері мен ауданның көркемөнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<